Accessibility links

Білім беруді дамытудың жаңа реформасы жан-жақты талқылануы тиіс


Парламент Мәжілісінің 17 депутаты білім саласын дамытудың 2015 жылға дейінгі тұжырымдама жобасын әлі пісіп-жетілмеген құжат деп есептейді. Бұл пікірді Мәжілістің басқа да депутаттары қуаттап отыр.

Ақпанның 4-і күні Білім және Ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев, аталған құжатқа байланысты депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

Министрдің айтуынша, құжаттың пысықтайтын тұстары бар, алайда, халық 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуді қолдап отыр.

- Қазір қалыптасып отырған пікірге қарағанда білім жүйесін ары қарай жетілдіру екендігін ешкім саудаға салып отырған жоқ. Мұны дамыту керек. Дамытқанда бағыт болуы қажет. Дүниежүзілік білім саласындағы қалыптасқан жағдайларға қарай біздің білім жүйесін үйлестіруіміз керек,-деді министр.

Алайда, жекелеген депутаттардың бұл мәселеге көзқарасы басқаша. Депутат Тито Сыздықов, 12 жылдық білім жүйесіне көшуді халықтың әлеуметтік жағдайы көтермейді деп есептейді.

- Қазір Қазақстанның әлеуметтік жағдайы келмей тұр. 12 жылдық білімге көшу үшін дағдарыстан шығайық. Оның үстіне ауылдық мектептерге мұғалімдер баруды қойды. Өйткені, еңбекақысы бірінші жылы -10 мың теңге ғана. Оған кім барады. Одан да жүк тасушы болып істейді, - деді Тито Сыздықов.

Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев депутат Тито Сыздықовтың бұл пікірімен келіскісі жоқ.

- Халықтың жағдайы төмен. 12 жылдық білім беруді енгізудің қажеті жоқ, өйткені, баласын оқыта алмай отыр деген пікірмен келіспеймін,-деді министр.

Министрдің айтуынша, Қазақстан халықының экономикалық жағдайы жақсы, оның дәлелі мектеп бітіргендердің 80 пайызы жоғары оқу орындарына оқуға түсіп жатыр. Сондай-ақ министр кеңес дәуірі кезінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында 250 мыңдай адам оқыса, қазір 600 мыңдай адамның оқитындығын айтып отыр.

Мәжіліс депутаты Өмірғали Кенжебектің айтуынша, аталғандай тұжырымдаманы қабылдау ертерек және оны жаппай халық талқысына салу керек.

Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев мұғалімдердің аталған құжатты қолдап отырғанын айтады. Ал, депутат Өмірғали Кенжебектің айтуынша, ұстаздар тұжырымдама жобасын қолдап отырған жоқ.

- Мұғалімдердің қарсылық білдіріп отырғаны рас. Оны мектептерді аралап жүргенде өзім естігем. Мұғалімдер бүгінгі күні 12 жылдық білім беру жүйесіне өтуге дайындығымыз жоқ деп айтып отыр, - деді депутат Өмірғали Кенжебек.

Депутаттардың айтуынша, тұжырымдама жобасында мұғалімдердің мәртебесіне байланысты мәселе қаралмаған.
XS
SM
MD
LG