Accessibility links

Шымкенттегі транспорт, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі төңірегіндегі мәселе


Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің шешімімен Шымкенттегі транспорт , коммуникация және жаңа технологиялар колледжі ғимаратын Металлургтер сарайына иелік етуші Болат Мырзалиев деген жеке адамға беру туралы қарар шығарды. Сол арқылы оларды оқу ғимаратынан айырып, саласы мүлде басқа Экономика және құқық колледжіне қосатындығы айтылды. Бұған колледж ұжымы үзілді-кесілді қарсы. Өйткені бұл оқу орны 1971 жылдан бері жұмыс істеп, 18 мыңнан аса маман дайындап шығарған.

- Біздің ұжым мұндай әрекетке келіспей, Қазақстан президентіне, Үкімет басшысына, Білім және ғылым министрлігіне үндеу хат жолдады. Енді БАҚ өкілдерінің назарын аударып отырмыз, - дейді сәрсенбі күні бір топ әріптестерімен Алматыға келген колледждің оқу ісі жөніндегі директорының орынбасары Тойшиев Күнтуған

Осыған орай Оңтүстік Қазақстан облыстық әкішілігі басшыларының қарарымен жасалған әрекет орынсыз болды, оқу жылының ортасында әрі қыста екі колледжді қосу ақылға сиымсыз, дейді ұжым өкілдері.

Бұл жөнінде колледж оқытушылары атынан Зиядаш Ізбасова: - Мұнда саяси мәселе жатыр, биыл Қазақстандағы Ресей жылы, соны желеу етіп, әкімшілік басшылары «Мирас» атты экономика және құқық колледжі орналасқан ғимаратты орыс театрына тарту етпекші, ал біздің ғимаратты «Мирасқа» алып бермекші. Өзгелердің көңілінен шығу үшін адам тағдыры аяққа басылып, жүздеген адамның құқығы тапталуда, - дейді.

Қазір облыс басшығығының қарарымен Шымкенттегі Транспорт, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі екі аптаның ішінде осы орынды босатып, көшуі тиіс. Екі колледж қосылса, ұжымдағы оқытушылардың басым бөлігінің жұмыссыз қалу қаупі бар.Осыған алаңдаулы оқытушылар наразылығы күшейе түскен. Әрі мұнда оқитын 550 оқушының жартысына жуығы төлемақы арқылы оқиды. Олардың жәйі де түсініксіз, дегенді айтуда Алматыға келген колледж ұжымының өкілдері.
XS
SM
MD
LG