Accessibility links

АҚШ өкілдері Орта Азия елдерімен саяси және әскери салалар бойынша бұған дейін қалыптасқан әріптестіктері жөнінде қайта ойлану жөн болар, деген пікірде.


АҚШ өкілдері Орта Азия елдерімен саяси және әскери салалар бойынша бұған дейін қалыптасқан әріптестіктері жөнінде қайта ойлану жөн болар, деген пікірде. Яғни болашақтағы бұл екі тарап ара-қатынасы терең ойластырылмақшы.

Құрама Штаттары Орталық Азия мемлекеттерімен 11-ші қыркүйек оқиғасынан кейін байланыстарын одан әрі нығайта түскені белгілі. Атап айтқанда, Ауғанстандағы әскери қимылдарға қолдау көрсету үшін Өзбекстан мен Қырғызстан елдері өз әуе жайларын АҚШ әскери ұшақтарының пайдалануына мүмкіндік берген болатын. Талибан билігін тақтан тайдырып, әл-Қайда ұйымы өкілдерінің ізіне түсіп, біраз жетістіктерге қол жеткізгеннен кейін Құрама Штаттары бұл Орта Азия елдерімен қалыптасып үлгерген байланыс сипаттарына қайтадан жіті қарауға көшкендей. АҚШ-тың Орта Азиядағы стратегиялық бағыты жөніндегі жаңа баяндаманың авторларының бірі, АҚШ-та орналасқан Сыртқы істер бойынша талдаулар институтының сарапшысы Майкл Суинейдің айтуынша, алдағы ұзақ жылдарға бағытталатын бұл елдермен болашақ байланыстар барысы, сипаты жағынан террорлық әрекеттерге қарсы күреске көп назар аудармайтын болады. Аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Орталық Азия елдеріндегі азаматтық әлеуметтік дамуға Құрама Штаттары айрықша назар аударуы тиіс,- дейді сарапшылар. Бұған дейін реформаларды жүзеге асыруға ол елдер басшыларын көндіруде ресми Уашингтон аса сыпайы дипломатиялық тәсілдерді қолданып келген болатын. Мысалы, Суиней мырзаның пікірінше, Өзбекстанмен арадағы байланыстары АҚШ-тың аймақтағы қауіпсіздік мәселелеріне орай қызығушылықтарына нұқсан келтіруде. Атап айтқанда елбасы Каримов 2002-ші жылдың наурыз айында бес баптан тұратын әріптестік келісімшартында елде экономикалық және саяси реформалар жүргізуге уәде берген болатын. Алайда уәде сол баяғы сөз күйінде қалып отыр. 2006-шы жылдың қаңтарына дейін Каримов мырза өз елінде аталған уәделі істерін жүзеге асыра алар ма екен? Ол үшін Уашингтон Өзбек елбасына мерзімдік мүмкіндік берсін. Егер сол кезеңге дейін ешқандай ілгерілеушіліктер болмаса, онда АҚШ бұл елден өз күштерін шығарып, оныменен байланыстарын азайта түсуі тиіс,- дейді Суиней мырза. Осы орайда Құрама Штаттары аталған аймақтағы өзінің әскери тұрағын өзгертіп, көршілес елдермен әріптестік орнатуға ұмтылуы тиіс, дейді сарапшы. “Егер Өзбекстан елі шынайы реформаларды жүзеге асыра алмаған жағдайда, АҚШ байланыстарының тәсілдерін өзгерту жөнінде біз пікір алысудамыз. Оның ішінде Қазақстан сияқты басқа да елдерде шағын базаларды орналастыру сияқты мүмкіндіктерді қарастыру ұсыныстары да бар”-, деді Суиней мырза. Аталған баяндама сонымен бірге аймақтағы тұрақтылықты сақтау үшін есірткі саудасының алдын кесуге де АҚШ күш салуы тиіс, деп кеңес беруде.
XS
SM
MD
LG