Accessibility links

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы мұнайшылар наразылығы жөнінде


Маңғыстау облысының мұнайшылары толқу үстінде. Оның орталығы мұнайшылар қаласы Жаңаөзен болып отыр. Толқуға себеп болған жағдай, «Қазмұнайгаз» ұлттық компания басшылығы Атырау облысындағы «Ембімұнайгаз» ААҚ мен Маңғыстау облысындағы «Өзенмұнайгаз» ААҚ біріктіру туралы шешім шығаруынан туындап отыр. Бұл жөнінде «Қазмұнайгаз» ұлтық компания президенті Ұзақбай Қарабалин Жаңаөзен қаласында «Өзенмұнайгаз» компаниясының ұжымымен кездескенде мәлімдеген.

- Бұл хабарды естігенде халық толқып шыға келді. Қазақстандағы мұнайға бай аймақ бола тұрып, Маңғыстау облысы ұлкен проблемаларға тап болуда. Ең басты қиындық жұмыссыздықтың артуы мен әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, - дейді Ақтау қаласындағы облыстық тәуелсіз кәсіподақтары ұйымының жетекшісі Мұхтар Үмбетов.

Маңғыстау облысындағы толқуға байланысты Демократиялық таңдау қозғалысы ұйымдастыру комитетінің баспасөз қызметі хабарлама таратты. Онда атап көрсетілгеніндей, мұнай саласының жұмысына сырттан келгендер вахталық әдіспен тартылуда. Жұмыс беруші мердігерлерге сырттан келетіндерді жұмысқа тарту тиімді. Әлеуметтік жағдайлары мүшкіл аймақтардан келгендер қандай ауыр жұмыс болса да көніп, аз жалақыға әрі адам өміріне қауіпті жағдайда еңбек етуге мәжбүр деп атап көрсетілген парақшада.

Екі компанияның қосылатындығы туралы хабарды естіген Жаңаөзен жұмысшылары 1988, 89 жылдардағы оқиғаны еске алады. Сол кезде әлеуметтік жағдай ауырлаған соң Жаңаөзенде жаппай тәртіпсіздік орын алып, мұнайшылар ереуілі орын алған болатын.

Мағыстаудың наразы тұрғындары арасында еңбек ардагерлері, РХП өкілдері, ДТҚ мүшелері, жергілікті қоғамдық бірлестіктердің , Қарақияқ, Маңғыстау аудандарының азаматтары қол жинап, Мемлекет басшысына, парламентке хат жолдады. Алайда осы жағдайдан кейін «Қазақстан демократиялық таңдауы» партиясын құру жөніндегі Маңғыстау облыстық комитетінің жетекшісі Жұмашев Қамысбай мен аймақтық «Парасат» ұйымының тең төрағасы Данияр Аралбаев Жаңаөзен қаласы маңындағы Теңге ауылында қариялармен кездесіп әңгімелесу барысында тәртіп сақшылары тарапынан ұсталып, әңгімеге тартылған. Ал екі күн өтіп, Ақтауға оралған соң, Ішкі істер басқармасына шақырылып, рұқсат етілмеген митингі өткіздіңдер деген айыппен әкімшілік жазаға тартылған.
XS
SM
MD
LG