Accessibility links

Қазақ кино өнеріндегі басты проблема – кино шығару және оны көрермендерге жеткізу


Дүйсенбі күні Алматыда қазақ киносының негізін қалаған белгілі режиссер Шәкен Аймановтың шығармашылығына арналған кеш болды. Қазақ киносына қомақты үлес қосып, әрқилы жанрларда 15 шақты көркем суретті фильм түсіріп, қазақ кино өнерінің тарихында өзінің орнын алған еңбектері жөнінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинотанушы Бауыржан Нүгербек былай дейді.

- Шәкен Аймановтың фильмдері несімен ерекшеленеді? Ең басты ол көрермендерге жол таба білген суретші. Өйткені қазір біздің кинотеатрларда тек шет ел фильмдері көрсетіледі. Себебі, олар көрерменді көп жинайды, аудиториясы кең. Сондай қызығушылықты Аймановтың кез келген фильмдері тудырған. Ерекшелігі де сонда. Мен енді кинотанушы ретінде айтатын болсам, Шәкен Айманов фильмдерінің барлығын қалпына келтіріп, қайта басып экранға шығару керек. Оның фильмдерінің негіздері Ресейде жатыр. Фильмдері қай жағынан болмасын актуалдылығын жоғалтқан жоқ.

Осы орайда Бауыржан Нүгербек Ресейде сақталған Шәкен Аймановтың көркем суретті фильмдерін Қазақстанға қайтарып алу керек деп есептейді.

- Өзіміздің мәдени мұрамыз ғой, ол біздің өз елімізде болу керек. Шәкен Аймановтың шығармашылық мұрасы шынын айту керек Ресей мәдениетіне қажетілігі аз. Сол материалдардың барлығын жинап, өзімізде болса қайта басып шығаруға мүмкіндігіміз болады. Шәкен Аймановтың шығармашылық еңбектерін ғылыми тұрғыдан зерттеу. Бұл да қолға алынбай келе жатқан шаруалардың бірі. Естелік кітаптар әрине керек. Бірақ ол ғылым емес қой.

Кинотанушы Бауыржан Нүгербек мырза бүгінгі қазақ кино өнерінің басты проблемасы жөнінде былай деді.

Қазақ кино өнеріндегі басты проблема – кино шығару және оны көрермендерге жеткізу. Қазір Қазақстандағы кинотеатрлар шет ел киноларын көресетеді. Олардың кәсібилігі төмен. Тәрбиелік мән-маңызы да жоқ. Біздің өзіміздің арнайы классикалық фильмдер көрсететін кино таетрлар болса, ондай театрлар қазір барлық елде бар. Қалалық әкімшіліктер ондай кинотеатрларды қамқорлығына алса. Біз көрермендер тәрбиелейтін едік. Көрермендер тәрбиелеу арқылы кино өнеріне бетбұрыс жасайтын едік. Сондықтан бүгінгі таңда қазақ кино өнерінде мәселелер өте көп.
XS
SM
MD
LG