Accessibility links

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты халықтық партия бірінші құрылтайына дайындалып жатыр


«Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты халықтық партияны құрушылар сенбі күні өтетін бірінші құрылтайларына дайындалып жатыр. Партияның ұйымдастыру комитетінің мүшесі Батырхан Дәрімбеттің хабарлауынша, бірінші құрылтайға Республика президент Нұрсұлтан Назарбаев, Алматы әкімі Виктор Храпунов және парламент мүшелері шақырылған.

Батырхан Дәрімбет, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты халықтық партияның ұйымдастыру комитетінің мүшесі:

- Республикамыздың түпкір-түпкірінен 180 делегат келе жатыр. Сонымен қатар, 100 адамды қонақ ретінде шақырдық, олардың ішінде Еуропа Одағынан, Ресей партияларының өкілдері, Грузия мен Украина және Түркияның «Ақ партиясының» бір депутаты келе жатыр. Олармен қатар құрылтайға Қазақстанның белгілі азаматтары, демократия жолында күресіп жүрген әріптестеріміз, саяси партиялар мен қозғалыстардың өкілдері, Республика президенті, парламент мүшелері, Алматы әкімі шақырылды. Олардың келер, келмесін біз болжай алмаймыз, бірақ келіп жатса - біз оларды қабылдап аламыз, келмей жатса - өкпелемейміз.

Қазақстан демократтары Республика президентінің саяси кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевты да шақырған. Бұл орайда біз Ермұхамет Ертісбаев демократтардың құрылтайына қатыса ма?- деген сұрақ қойдық.

Ермұхамед Ертісбаев, Қазақстан президентінің саяси кеңесшісі: - Егер, апта соңына дейін басшыларым іс сапарға жіберсе, мен барамын.

Билік партиясы болып саналатын Қазақстанның «Азаматтық» партиясының жетекшісі Азат Перуашев та демократтардың құрылтайына шақырылған, бірақ Азат Перуашев демократтардың бас қосуына бармаймын дегенді айтты.

Азат Перуашев, Қазақстанның «Азаматтық» партиясының жетекшісі: - Жоқ, қатыспаймын. Себебі бұл партияның бағыты, партияның саяси бағдарламасы біздің бағытымызға сай келмейді. Сол себептен мен бұл құрылтайға қатыспаймын.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты халықтық партияның ұйымдастыру комитетінің мүшесі Батырхан Дәрімбеттің хабарлауынша, құрылтай барысында демократтар өз бағытын жариялайды.

Батырхан Дәрімбет, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты халықтық партияның ұйымдастыру комитетінің мүшесі: - Негізгі мақсат - «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қозғалыс негізінде құрылып жатқан, халықтық партияны халыққа таныстыру. Сол үшін қазір аймақтардағы біздің азаматтарымыз өздерінің облыс, аудан, ауылдарында халықтық партияға мүшелерді тартып жатыр. Қазір ауылдарда, шағын қалаларда халықтық партияның негізгі топтары құрылып жатыр. Сонымен қатар, партия қанатын кең жайып қазір 14 облыс пен екі республикалық маңызы бар қалада өзінің ұйымдастыру комитеттерін құрды.

Бақылаушылар «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты партия- оппозициялық бағыттағы партия болғандықтан, билік тарапынан қысым көреді, деген болжам жасаған. Бірақ Батырхан Дәрімбеттің айтуынша, күні бүгінге дейін ұйымдастыру топ қысым көрген жоқ.

Батырхан Дәрімбет, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты халықтық партияның ұйымдастыру комитетінің мүшесі:

- Билік біздің әр-бір қадамымызды бақылап отырған көрінеді, бірақ ашық түрде бізге қарсы ешқандай әрекет жасаған жоқ. Шын мәнінде, халықтық партия, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қозғалыс негізінде құрылғанымен, бұл саяси аренада саяси орнын алу үшін күресетін партия. Бұл партия Қазақстан заңдарының аясында әрекеттенеді. Сол себептен бұл партияға кедергі жасау-заңсыздық болып есептеледі.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты халықтық партияның алғашқы құрылтайы өткеннен кейін, бұл партия бар құжатын Әділет министрлігіне өткізіп, тіркеуден өтуді жоспарлап отыр.
XS
SM
MD
LG