Accessibility links

Қазақстанда ресми мәліметтер бойынша 4 мыңға жуық адам ВИЧ инфекциясымен ауырады, ал биресми мәліметтер 30 мыңға жетуі мүмкін дейді


Республика бойынша 1987 жылдан бері төрт мыңнан астам астам адам қорғаныш тапшылығының қоздырғышымен яғни ВИЧ инфекциясымен ауырады екен. Ал Жұқтырылған қорғаныш тапшылығының белгiсiмен, СПИД індетімен 746 адам ауырған. Аталмыш індеттің ең көп тараған жері Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облысы және Қостанай облысында. Астана қаласы СПИД орталығының бас дәрiгерi Николай Деминнiң айтуынша, бұл iндет Астана қаласында да жылдан жылға кең етек жайып келедi. Оның мәліметінше өткен жылдан бері 40 адам тіркелген. Оның он алтысы жергілікті жерді тұрғындары болса, қалғандары басқа облыстардан келген екен. Астанада ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың саны жылдан жылға көбейуінің себебін Николай Демин Астана экономикалық аймақ болғаннан кейiн заңсыз жыныс қызметiнің көбейуімен түсіндіреді. Ал әдiлет министрлiгiне қарасты қылмыстық атқару жүйесi комитетiнiң мәлiметтерi бойынша ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың отыз пайызы түрмеде отырғандар.Олардың саны алты жүзге жуық. Бiрақ осы мекеменiң қызметкерi Көркем Жетпiсбаеваның айтуынша, тұтқындардың iшiнде СПИД ауруымен ауырғандар болған емес. Ал адам қорғаныш тапшылығы қоздырғышының белгiсiмен ауыратындардың құқығы қалай қорғалады деген сауалға қылмыстық атқару жүйесi комитетiнiң қызметкерi олардың ешқандай құқықтары бұзылмайды, санитарлық алдын-ала жұмыстар жүргізіледі дейді.

СПИД орталығының бас дәрiгерi Николай Деминнiң айтуынша, абақтыдағы тұтқындарға 30 мыңға тарта мүше қап берiлген. Сонымен қатар Николай Демин 2003 жылға дейiн ВИЧ инфекциясын жұқтырған түрмедегi жазасын өтеп жүргендердi Қарағанды облысындағы арнайы абақтыда бөлек ұстаған көрiнедi. Кейiн Біріккен ұлттар ұйымы және дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымдарының ескертулерінен кейiн оларды оқшауламай кәдiмгi абақтыларға жiбердiк дейдi.

Ал сенатор Бексұлтан Тұтқышовтың айтуынша, ВИЧ инфекциясымен ауыратындар 30 мыңға жетiп жығылуы мүмкiн. Қазір Қазақстан Парламентінің сенатында ВИЧ инфекциясын жұқтырған адамдардың құқығын тең ұстау жөнiндегi Заң жобасы талқыланып жатыр.
XS
SM
MD
LG