Accessibility links

“Новое поколение”, “Панорама”, “Деловая неделя”, “Комсомольская правда Казахстан”, “Экспресс К”


Мерзімді басылым беттерінде шетелдіктердің қазақстандық балаларды асырап алу мәселесіне орай қарама-қайшы пікірлер берілген мақалалар жарық көрді.

“Соңғы екі жылда Қазақстаннан шетелдіктер 3 мың баланы асырап алып, өз елдеріне алып кеткен. Соның ішінде 100 баланың тағдыры беймәлім”, - деп жазады “Новое поколение” газетінің тілшілері “Өмірге жолдама” деген бас мақалада. Газет мәліметтеріне қарағанда, республикада 92573 жетім бала бар. Оның 6 мыңы асырап алуға болаты жетімдер қатарына жатады. Алайда, кейде асырап алуға жатпайтын, яғни, әке-шешелері уақытша жетімдер үйіне қалдырған балалардың да заңсыз түрде әкетілу фактілері кездеседі екен. Мысал ретінде журналистер былтыр американдықтардың Халықаралық “Френк” балаларға көмек көрсету қорының араласуымен әке-шешелері ата-аналық құқығынан айырылмаған бес баланы асырап алуға тырысқанын тілге тиек етеді. “Френк” қорының өкілімен деген Светлана Синицкая деген біреу бала асырап алу орындарына Астанадағы бірқатар қараусыз қалған балаларды демалысқа халықаралық балалар лагерінде жіберу туралы ұсыныспен шығады. “Алайда, шын мәнісіде оларды лагерьге емес, болашақ ата-аналарымен жақынырақ таныстыру мақсатында американдық отбасыларына орналастырған”, - деп жазады газет тілшілері. Ақыры биылғы жылдың бас кезінде сол американдықтар балаларды асырап алу мәселесін түбегейлі шешу үшін Астанаға жетеді. Бірақ, Америка және Қазақстан заңы ата-аналары бар балаларды асырап алуға рұқсат етпейді. Осы жерде балалардың жетім екендігі туралы құжаттардың жалғандығы туралы мәселе көтеріледі. Осы негізде, мысалы, “Саша мен Вова Команның қазақстандық және жолы болмаған американдық ата-аналары баланың құқығы үшін соттаспақ”, - деп хабарлайды “Новое поколение” газеті.

Ал “Комсомольская правда Казахстан” басылымында “Мәжіліс мүшелері жетім балаларды құтқаруға кірісті. Кішкентай қазақстандықтарды асырап алғысы келетін шетелдіктерді депутаттар жау санайды” деген мақала жарияланды. Онда жоғарыда аты аталған “Френк” қорының өкілі Светлана Синицкаяның пікірі берілген. Онда ол депутаттардың жетімдерді шетелге шығармай, Қазақстанның өзіндегі отбасыларға бөліп беріп, асырап алушыларға мемлекеттен жалақы төлеу туралы ұсынысына орай өз ойын былай білдіреді: “Жетімдерді асырап алудың мұндай түрін қанша әспеттесе де, отбасына балама табу қиын. Депутаттар АҚШ-та біздің балаларымызға қатігездікпен қарайды деп шамаданады. Бірақ мынаны ескеру керек: Америкада әр елден әкелінген 1,5 миллион асырап алынған бала бар. Осыншама көлемдегі асырап алынғандарға байланысты шатақ оқиғалар әрең табылады. Керісінше қазақстандық ата-аналар көбіне-көп өз балаларына нашар қарайтынына сеніңіз”. Осылай дей отырып, Светлана Синицкая бірер жыл бұрын Петропавловскіде бір әйелдің өз қызын құдыққа тұншықтырып өлтіргенін тілге тиек етеді.

Ал “Экспресс К” газеті болса, әке—шешесінен тосыннан айырылып, балалар үйіне түскен жетім балалардың пәтерін Шымкент әкімшілігі қалай жылдам әрі заңсыз түрде иемденіп алғанын жазады. Бірақ бұл оқиға ақырында сәтті аяқталып, қала әкімі Ғалымжан Жұмжаев сот алдында жауап берген.

“Деловая неделя” газеті өзінің басты мақаласында Журналистердің кезекті Конгресінің ашылғанын хабарлайды. “Алдында ғана ұйымның кейбір белсенді мүшелері журналистер не істеуі тиіс, Қазақстанның мұнайлы астанасында олардың “ортақ пікірі” қалай анықталатындығы туралы айтты. Жеке меншік бұқаралық ақпарат құралдарын таза кәсіпкерлікпен айналыспай, “қоғамға қызмет етуге” шақырды. Қарсы жақ та қарап қалмай, журналистердің басқа қоғамдық міндетіне қатысты өз ұрандарын көтереді. Екі жақ та кәсіби ынтымақтастық негізі ретінде жөні түзу кәсіподақтық қызметті емес, өздерінің белгілі және көрінбейтін ұйымдастырушыларының саяси идеялары мен ұрандарын алып, сап түзеуге шақырады”, - дей отырып, “Деловая неделя” газеті Конгресс мүшелерінің жекеменшік ақпарат құрадарына арнаған үндеуі қазақстандық “элита” өкілдерінің көзқарасы деп бағалайды.

“Депутаттар кейбір мүсіндердің сомдамақшы болған бейнесінен гөрі жергілікті әкімдерге көбірек ұқсап кеткенін байқаған”, - деп хабарлайды “Панорама” апталығы. “Ал кейбір депуттар өз аймақтарына жаңа ескерткіштер салу туралы ұсыныстарын парламентте өткізбекші болды. Бірақ оларға Мәдениет министрі қолдау көрсеткен жоқ”, - дейді газет тілшісі.
XS
SM
MD
LG