Accessibility links

Ресей Үкіметінің отставкаға кетуіне байланысты Қазақстандық саясатшылар әр-қилы пікірлер айтуда


Қазақстан Үкіметінің басшысы Даниал Ахметов “Ресей Үкіметінің отставкаға кетуі екі елдің қарым-қатынасына Президент Назарбаев пен Президент Путиннің диалогы аясында әсер етпек, ол тек саясат пен экономика салаларындағы қарым-қатынастарды бекемдей түсед”- деп мәлімдеді. Премьер-министр Даниал Ахметовтің айтуынша, кез-келген жаңа Үкімет үкіметаралық қарым-қатынаста оның алдындағы үкіметтің жолын жалғастыруға тиіс. Сондықтан мемлекет басшылары қол-қойған екі жақты келісім-шарттар алдағы ынтымақтастықтың арқауы болып қала беред. Ал Ресей Үкіметінің кетуіне байланысты Қазақстандағы саясатшылар әр-қилы пікірлер айтуда. “Ақ жол”демократиялық партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовтің пікірінше, Ресей мен Қазақстан экономикалық жағынан тығыз байланыста болғандықтан Ресей Үкіметінің кетуінің Қазақстанға әсер ету-етпеуі Ресейдегі жаңа үкіметтің экономикалық саясатына байланысты болады: “Ресейде болып жатқан үрдістер ол Қазақстанға сөзсіз әсерін тигізеді. Бірақ шұғыл өзгерістер бола қоймас. Пікір айту үшін жаңа үкіметтің құрамын көруіміз керек. Егер “Родина”сияқты күштердің өкілдері кіретін болса, онда ол басқа мәселе.Егер Путинді қолдаған күштер кірсе онда экономикалық саясатында тым үлкен өзгерістер бола қояды деп ойламаймын”. Әлихан Бәйменов Қазақстандағы қазіргі үкіметке көңілі толмайтындығын ашық айтып отыр, оның ойынша үкіметтің жұмысында кемшіліктер көп. Бірақ оны ауыстырғаннан жағдайдың өзгеру-өзгермеуі екі талай деді. Парламент Сенатының депутаты Зәуреш Батталованың пікірінше, “Ресей Президенті Владимир Путин Касьянов Үкіметін отставкаға жіберу арқылы өзінің президенттік сайлауда жеңіске жететіндігін дәлелдеп отыр. Өйткені ол Үкіметті алмастыру арқылы өзінің саяси әлеуетін күшейте түседі. Бірақ ресей үкіметінің ауысуы қазақстандағы ахуалға бәлендей әсер етпейді. Алайда қазақстанның қазіргі үкіметінің де ғұмыры қысқа болуы мүмкін”- дейді сенатор Батталова: “Біздің осы премьерлікке келген азаматтың премьерлік мерзімі өте қысқа болады деп сол кезде болжаулар айтылған еді. Осы Үкіметтің реформаны енгізіп, экономиканы дамытып, әлеуметтік жағдайдың мәселесін шешіп отырғандығын біз тағы көре алмай отырмыз. Премьерлер шыны керек қуыршақ секілді ауыса береді. Ал проблемалар қала береді”. Ал саясаттанушы Әзімбай Ғалидің пікіріне кезек берсек: “Ресейдегі Үкіметтің отставкаға кетуі, ол міндетті түрде болуы керек еді. Жаңа Президенттің сайлануына байланысты. Касьянов Ельциннің отбасына өте жақын тұлға, осыдан былай тек ғана Путиннің жеке басының қайраткері ретіндегі адамдар билікке басында болады”. Тілші сауалы: Ресейдегі кейбір саяси үрдістер Қазақстанда да қайталанып жатады ғой. Осы Ресей Үкіметінің кетуі Қазақстан Үкіметінің тағдырына әсер етеді деп ойлайсыз ба? Әзімбай Ғали: “Әсер етпейді. Біздің өзіміздің ішкі саяси логикамыз бар.Бізде өзі премьер реформаторлар аз болған екен. Оның ішінде Қажыгелдин мен Ахметовті айтса болады. Менің ойымша Даниал Ахметовтің Үкіметі кетпейді. Бірақ өзгерістер Парламенттік сайлаудан кейін болуы мүмкін”. Саясаткер Балташ Тұрсымбаевтың айтуынша, Қазақстан Үкіметінің тағдыры оның кәсіби деңгейіне емес, мемлекет басшысының көңіл-күйіне байланысты: “Егжей-тегжейін байқайтын болсақ Ресейде не болды, сол екі-үш айдан кейін бізде де қайталанып жатады. Біздің премьер-министрлер Президенттің айтқанын ғана орындап, тып-тыныш орындарында отырған азаматтар. Президент енді саяси оқиғалар болып қалғанда ғана отставкаға жібереді, әйтпесе сол кабинеттерінде отыра береді”. Балташ Тұрсымбаевтың қазақстанның қазіргі үкіметінің жұмысына нақты баға беру оңай емес дейді. Өйткені: “Қазақстанның қазіргі Үкіметі өзінің істеген жұмыстары жайында Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлап, жылына бір рет есеп беріп отыратын болса. Халық білуі керек. Не істеп жатқандарын ешкім білмейді. Ең әуелі сұрақ қою керек кімнің көңілі толады екен осы біздің Үкіметтің істеп жатқан жұмысына деп”. Тұрсымбаевтың осы пікрінен кейін, біз жұртшылық өкілдерімен тілдескен едік. Өздерінің аты-жөндерін айтудан бас тартқан сұхбаттастарымыз былай деді: “Жалпы Үкімет атаулыға еш уақытта менің көңілім толмайды. Қаржы саласында болсын, басқа экономикалық сала, саяси салалар болсын Үкімет әрдайым кеш қимылдайды. Халықтың санасы әбден дайын болған кезде, я болмаса белгілі бір оқиғалар орын алғаннан кейін барып, үкімет қозғалады”. Тілші сұрағы: Қазіргі Үкіметтің жұмысына көңіліңіз тола ма? “Неге толмайды толады. Қиыншылық бар ғой, бірақ біртіндеп-біртіндеп түзеліп келе жатырмыз ғой. Ризамыз”. Ол сондай-ақ, Үкіметтің кейбір маңызды мәселелерге келгенде немқұрайлы қарайтындығын айтып, бұған Сырдария бойындағы халықтың су тасқынынан зардап шегіп отырғандығын мысал етті. “Екі-үш ай бұрын айтылды Шардара суы тасиды деп. Көріп, естіп отырмыз теледидардан. Сырдария маңындағы қаншама халықты көшірді. Қыстың күні көшу қиын. Қиыншылықты халық көріп жатыр. Осыдан бұрын айтылды құтқарыңдар, қауіп төніп тұр деп”. Ресей Үкіметінің отставкаға кетуіне байланысты Еуразиялық Экономикалық Кеңеске мүше мемлекеттердің Үкімет басшыларының алдағы бейсенбі күні Алматыда өтетін басқосуы кейінге қалдырылуы мүмкін бе деген сұрақ туған еді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі болса, аталған басқосудың белгіленген мерзімде өтетіндігін, Ресей Үкіметінің оставкаға кетуінің бөгеті болмайтындығын хабарлап отыр.
XS
SM
MD
LG