Accessibility links

Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы қарым-қатынас мәселелері


Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылдың тамыз айынан басталады. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1996 жылдың қыркүйек айындағы Әзірбайжанға, ал Әзірбайжанның бұрынғы Президенті, марқұм Гейдар Әлиевтің 1997 жылдың маусымында Қазақстанға келген сапарынан кейін екі елдің қарым-қатынасы жандана бастаған. Әзірбайжан геосаяси және газ-мұнай саласындағы әріптестік тұрғысынан алғанда Қазақстан үшін маңызды орын алады. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін белгілеу, мұнайды әлемдік базарға тасымалдау сияқты бірқатар стратегиялық мәселелерді біртіндеп шешу мақсатында Қазақстан мен Әзірбайжан әріптестік қарым-қатынаста болуға мүдделі. Каспий мәртебесінің мәселесі Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға осы сапарында қаралады деп хабарлайды, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің кеңесшісі Гүлмира Сұлтанәли. -Екі ел арасындағы ынтымақтастықта Каспий мәселесі ерекше маңызға ие. Қазақстан мен Әзірбайжан Президенттері 1996 жылы 16-ы қыркүйекте қол қойған бірлескен мәлімдемеде Каспий мәртебесінің мәселесі бойынша екі ел ұстанымдарының ұқсастығы тұңғыш рет атап көрсетілген болатын. Бұл бағыттағы жұмысты Ресеймен қол жеткізілген келісімдер тәжірибесі сияқты одан әрі жалғастыру өте маңызды болып табылады. Қазақстан мен Әзірбайжан ынтымақтастығының басым бағыты мұнай саласындағы жобаларды іске асырумен байланысты болмақ. Қазақстандық мұнайдың транзитке қатысты көлемін 10 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Сондықтан экпорттық құбыр желілерімен қоса Әзірбайжан бағытындағы мұнай көлік инфрақұрылымын кеңейту алға қойылуда. Қазақстан мен Әзірбайжан Үкіметтері Ақтау-Баку бағыты бойынша паром қатынасын дамытуға, екі елдің Каспий теңізі айлақтарындағы алымдарды азайту мүмкіндігін қарастыруға келісіп отыр. Сондай-ақ, Әзірбайжанның Қазақстан алдындағы 17 млн. доллар мөлшеріндегі мемлекеттік берешегін өтеу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. 2003 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 130 млн ақш долларына жеткен. Оның 100 млн-ны қазақстан экспортына тиесілі. Әзірбайжандық өнеркәсіп тауарларының, оның ішінде көлік пен құрал жабдықтардың, химиялық өнімдердің Қазақстан базарында бәсекелестікке түсе алмауы Әзірбайжан үшін сауда айналымының теріс сальдосын қалыптастырып отыр. Ал Қазақстан кейінгі жылдарда бидай, ұн және шикі мұнай экспортын ұлғайта түскен. Бүгінде Қазақстанда Әзірбайжандық кәсіпкерлердің қатысуымен 36 шағын кәсіпорын жұмыс істейді, оның 13-і бірлескен кәсіпорын болып саналады. Әзірбайжанның Қазақстан үшін стратегиялық әріптестік ретіндегі маңызы туралы, жалпы екі ел арасындағы парламенттің қарым-қатынас мәселесі жайында Қазақстан Парламенті Сенатының халықаралық мәселелер жөніндегі комитетінің мүшесі,сенатор Тасбай Симамбаев былай деді. -Каспий мәселесінде екі жақ бірлесіп жұмыс істегеніміз жөн. Өздеріңізге белгілі Каспий төңірегінде әр-түрлі әңгімелер болды.Әсіресе Иран жағынан, Түркімен жағынан. Қазақстан,Әзірбайжан ортамызда Ресей бар Каспийді бөлу жөнінде үлкен шартқа қол қойылды. Ал екі ел арасындағы Парламенттік қарым-қатынасқа келсек, екі жақты депутаттық топ құрылған, сол топ шекара бойындағы мемлекттермен бір заң шығаруды жоспарлап отырмыз. Ол заңда шекарадағы мемлекттермен сауда, экономика салсында бірлесіп істейтін жағдайлар қамтылатын болады. Ол мәселені көпке созбай биылдың өзінде іске асырсақ деп отырмыз. Бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынастардың құқықтық базасы 60-тан астам құжатты қамтиды. Олардың арасында экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, өнеркәсіптік меншікті қорғау, байланыс, сондай-ақ, Қазақстан мен Әзірбайжанның Ұлттық Банктері арасындағы қаржылық-банктік жүйедегі ақпарат алмасу салаларындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге үлкен маңыз беріліп отыр.
XS
SM
MD
LG