Accessibility links

Қазақстанға Ильхам Әлиевтің алғашқы сапарымен келгені қазақстандық сарапшылардың арасында әр түрлі сипаттама туғызып отыр


Өткен аптада Қазақстан Демократиялық таңдауы партиясының құрылтайына Грузия демократтарының өкілі Автандил Велтаури келіп кеткені де белгілі. Ал Әзірбайжанмен қатарлас Грузияда дәл бір кезеңде билік демократиялық жолмен ауысты. Ғейдар Әлиевке қарағанда Эдуард Шеварнадзе демократиялық оппозицияның талабына көніп, жаңаша сайлауларға жол ашты. Осы тұрғыдан қарағанда, Шеварнадзе-Әлиевтермен қатарлас Нұрсұлтан Назарбаевта биліктен кетсе – қай жолмен кетуі мүмкін деген жорамал қоғамда көп. Қазақстан қай елдің жолына түсуі мүмкін? Грузиянікіне ме, жоқ әлде Әзірбайжандікіне ме?

"Азаттық" радиосына пікір айтқан сарапшылар екі елдің ортақ мүддесі көп, ортақ мақсаты көп деп басты ерекшелікті алға тартады. Каспий теңізінің екі жағасында жатқан екі ел мұнай және газ саласына орасан зор инвестиция шақырып отыр, екі ел осы ең мықты бизнесте Ресейдің ықпалынан құтылғысы келеді, дейді Британияда орналасқан Соғыс және бейбітшілікті зерттеу институтының қазақстандық өкілі Эдуард Полетаев:

- Әзірбайжан Баку-Жейхан мұнай құбырын салып жатқаны белгілі. Бұл тұрғыдан қарағанда, Орталық Азия елдері Әзірбайжан үшін сенімді, лайық серіктес боп табылады. Ресейді айналып өтетін мұнайқұбыржолын салу мәселесі ең биік деңгейде талықаланады деп ойлаймын.

Дегенмен, Эдуард Полетаевтың мұндай пікірімен барлығы келіспейді. Саясаттанушы Андрей Чеботарев Әлиевтің сапарында кәсіпкерлік сипат аздау, бұл көбінесе танысып қайту сапарына ұқсайды дейді:

- Ильхам Әлиев билік басына таяуда қане келді. Бұл оның - өзін өзі таныстыру сапары. Әлиев басқа елдердің басшыларымен жүздесіп, мені біліңдер деп жүр.

Андрей Чеботаревтың пайымдауынша, бұл сапар – қатардағы сапар болмақ. Ильхам Әлиев жай қане ел қыдырып жүрсе керек, дейді бұл саясаттанушы. Ал "Азаттық" радиосына пікір айтқан басқа талдаушы Чеботаревқа қарағанда басқаша айтады. Бұл – Қазақстан оппозициясына жақын саясаттанушы Нұрболат Масанов:

- Бұрынғы советтік кеңістіктегі барлық диктаторлар бірін бірі қатты қолдайды. Олардың ынтымағы өте мықты, олар өз-ара қимылдарын жиі келістіріп отырады. Ал демократиялық оппозиция болса, өкінішке қарай, өз қимылдары жайында сирек ақылдасады. Демократтар бірін бірі аз қолдайды.

Қазақстанда биіл сайлау науқаны қызу өтеді деп күтіліп отыр. Парламент жаңадан сайланбақ, саяси партиялар қазірдің өзінде күш сынасып жатыр. Қазақстан Демократиялық таңдауы партиясының құрылтайына Грузия демократтарының өкілі Автандил Велтаури келгенде – барлық жиналғандар оған үлкен қошемет көрсетті. Қазақстан демократтары грузиялық әріптестерінен тәжирибе алып жатыр деген де әсер пайда болды. Дегенмен, Қазақстан Демократиялық таңдауы партиясының төрағасы Асылбек Қожахметов мұнымен келіспейді. Грузияның бейбіт революциясын Қазақстанда қайталау шарт емес, Автандил Велтауридың келіп кеткенінен қандай да бір үлкен мақсат көрмес едім, дейді Асылбек Қожахметов:

- Бұл өте маңызды тәжирибе. Биліктің жалпы дер кезінде ауысып тұруы маңызды. Биліктің жаңа әдістемесі орын алды. Бұл барлық Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде жаңаша құбылысты дүниеге әкелді.

Әзірбайжан үлгісімен Қазақстан басшылығы, дәлірек айтқанда Назарбаевтың әулеті билігін нығайта түсу әрекетін жасауы мүмкін бе деген мәселеге саясаттанушы Андрей Чеботарев былай дейді:

- Қазақстанды алатын болсақ – президент Назарбаев өз отбасының ішінен біреуді билік мұрагері ретінде дайындап жатыр деп дөп басып айту қиын. Бірақ, Дәриға Назарбаева басқаратын "Асар" партиясының белсенділігіне қарағанда, Дәриға Назарбаеваның белсенділігіне қарағанда – Дәриға әкесінің орнына отырады деген жорамалды мүлдем ескермеуге болмайды.

Міне, қазақстандық кейбір сарапшылардың Ильхам Әлиевтің сапары жөнінде пікірлері осындай.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG