Accessibility links

Ауыл жылдары аясында ондағы жұмыссыздық проблемасы шешіліп қалуы мүмкін


Президент жанындағы отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия Қазақстан әйелдерінің саяси белсенділігінің өсуіне үлес қосып отыр. Аталған комиссияның мүшесі, “Егемен Қазақстан” газеті редакторының орынбасары Жұмагүл Солтиева комиссия жұмысын осылай бағалайды.

«Комиссияның әйелдердің саяси, жалпы белсенділігін арттырғанына өзім куә болып жүрмін. Әйелдер бұрынғыдай қайда барамыз демейді»,-дейді ол.

Ал, Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Айткүл Самақова, қазіргі әйелдерді осыдан он жыл бұрынғысымен салыстыруға болмайды, олар өзгерді, десек те ауыл әйелінің ахуалы оңалмай тұр дегенді айтып отыр.

Әлеуметтік қолдауға зәру болып жүрген әйелдер не айтар екен деген мақсатпен Астананың орталық базарында сауда жасап тұрған ауыл әйелдеріне жолыққанымызда, олар өздерінің жұмыссыздықтан қалаға келуге мәжбүр болғандарын айтты.

Олардың бірі «Семейден келіп осында сауда жасап жүрміз. Семей полигоны. Ешқандай жеңілдік, өтемақы алмаймыз. Осы жақта ақша үшін, бала-шағаны асырау үшін жүргенімізге бір жылдай болды. Жұмыс жоқ. Бес мың теңге айлық жетпейді»,-деді.

Ал, екіншісі, «Оралман болып келгенбіз. Өзбекстаннан келгенімізге бір жыл болды. Үй-жайымыз жоқ. Күйеуім жұмыс істемейді. Балдар мектепке барады. Базармен күн көріп отырмыз»,-десе, үшіншісі, «Мен Жамбыл қаласынан келдім. Тұратын жерім Талас ауданы. Ол жақта күйеуім де өзім де жұмыссызбыз. Балаға берілетін көмек ақша да берілмейді. Жұмыс істеңдер, жассыңдар дейді. Қайдағы жұмысты істейміз. Жұмыс жоқ. Осы жаққа келгенбіз. Базарда отырмыз ғой», -деді. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсованың пікірінше, ауыл жылдары аясында ондағы жұмыссыздық проблемасы шешіліп қалуы мүмкін.

Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның құрылғанына 5 жыл. Оның облыстарда бөлімшелері жұмыс істейді. Дегенмен, қарапайым әйелдер бұл комиссияның барынан бейхабар.
XS
SM
MD
LG