Accessibility links

Батыс Қазақстан – Қытай мұнай құбыры желісінің құрылысын жазда бастаймыз,– деп отыр Қазақстан Үкіметі


Мамандардың пікірінше, соңғы жылдары Қытай Халық Республикасының батыс аймағында мұнайға деген сұраныс ұлғайып отыр. Алдағы уақытта сұраныс бірнеше есеге артуы мүмкін. Сонда жоспардағы «Батыс Қазақстан – Қытай» мұнай құбыры арқылы жылына экспортталуға тиіс деген 20 млн. тонна мұнайдың өзі Қытайға жетпей қалуы мүмкін көрінеді.

Бүгінгі күні Үкіметтің жоспары бойынша ұзындығы 1320 шақырым мұнай құбырының құрылысын қаржыландырудың бірнеше нұсқасы бар. Үкімет басшысы Даниял Ахметов қазақ мұнайын экспортқа жылдам шығарудың маңыздылығын, сондай-ақ, Қазақстан Ресейдің және Қытайдың мұнай құбырлары жүйесінің интеграциялық мүмкіндігін есептей отырып, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына құрылыс жұмысына әзірлік құжаттарын тез арада дайындаңдар деген тапсырма берді.

Ал «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалин құрылыс жұмысын үстіміздегі жылдың шілде, тамыз айында бастаймыз дейді.

«Теңізшевройл» мұнай компаниясының Астанадағы өкілдігінің басшысы Төлеген Хасановтың айтуынша бұл жобаны бастау қажеттігі осыдан бірнеше жыл бұрын көтерілген. « Бірінші осы мұнай құбыр желісінің қажет екендігін Ресей біздің мұнайымызды жібермей жатқанда айтқанбыз», – дейді Төлеген Хасанов.



Төлеген Хасановтың айтқанындай-ақ Батыс Қазақстан – Қытай мұнай құбыр жобасын салу мәселесі 1997 жылы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мен Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы арасындағы келісімнен кейін-ақ көзделген екен. Алайда сол кездегі Үкімет басшысы Әкежан Қажыгелдиннің отставкаға кетуінен кейін бұл жоба тұралап қалған. Тек өткен жылы Қытай Халық Республикасының президенті Ху Цзин Таудың Қазақстанға сапарынан кейін бұл мәселе шешімін тапқан. Содан кейін барып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан – Атасу – Алашанькоу мұнай құбыры жобасының маңыздылығын алға тартып, Каспий шельфінде Қытай компаниясының жұмыс істеуі Қазақстан үшін қажет деп мәлімдеген болатын.



Бүгінде АқтөбеМұнайГаздың 100 пайыз акциясына қытайлықтар иелік етеді. Сонымен қатар Қазақстандағы қытай компаниясы өткен жылы Солтүстік Бозащы мұнай кенішінің 35 пайыз акциясын Сауд Арабиясының «Петролиюум» компанияснан сатып алған. Кеңқияқ – Атырау мұнай құбырына шикізатты Қытай ұлттық мұнай корпорациясы жібереді. Егер Атасу – Алашанькоу мұнай құбыры жобасы жүзеге асып жатса, қытайлық жұмыс күші Қазақстанда көбеюі мүмкін. Сол себептен де ертеңгі күні Қазақстан экономикасы Қытайға тәуелді болып қалмасы үшін, Қазақстан жағы ізгі, салиқалы саясат жүргізуі қажет дейді Еуразия Ұлттық Университеті шығыстану кафедрасының меңгерушісі Дүкен Мәсімханұлы.



Кейбір сарапшылардың болжамдарына қарағанда, 2010 жылға таман Азия, Тынық мұхиты жағалауындағы елдердің мұнайға деген сұранысы артады. Олар жылына 1,5 млрд. тоннаға дейін мұнай импорттауы мүмкін. Қытай елінің сұранысы жылына 200 млн. тоннаға дейін өсуі мүмкін. Ал Шыңжаң өлкесіндегі Қарамай кенішін игеруді қытайлар болашаққа сақтап отыр дейді, – мамандар.



Ал академик Надир Надировтың айтуынша мұнай құбырын салу үшін ең алдымен Қазақстаннан айдалатын мұнай оны ақтауы қажет.



Қазақ Үкіметінің Атасу-Алашанькоу мұнай құбырын салуға тездетіп кірісу жөніндегі жоспарына байланысты қытай тарабының пікірін сұрау үшін Қытай ұлттық мұнай корпорациясының Қазақстандағы өкілдігіне хабарласқанымызда олар бұл мәселеге жауап беруден бас тартты.
XS
SM
MD
LG