Accessibility links

Сайлауға электрондық жүйемен дауыс беру жобасы жасалды


Қазақстандықтар алдағы уақытта болатын Президент сайлауына электрондық жүйемен дауыс беруі мүмкін. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы тұсау кесер рәсімін жасаған «Сайлау» атты автоматтандырылған ақпараттық жүйе жобасы сайлаушылардың дауыс беруін электрондық жүйеге көшіруді көздейді.

Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Бәлиеваның айтуынша, мұндай жүйе ақпартты берудің жылдамдығын, сайлау компанияларының жариялылығын, сондай-ақ халықтың сайлау нәтижесіне сенімін арттыруға ықпал етпек. Бәлиева ханымның сөзіне қарағанда тұрғындар өзі тіркелген тұрығылықты мекен-жайы бойынша ғана сайлау тізіміне енгізіледі.

«Учаскеге келген кезде штрих код деген құжат алып, сонымен тіркеуден өтеді. Штрих кодты пайдаланғанда компьютердегі және төлқұжаттағы фамилиясы бірдей болуы керек. Оны сайлау комиссиясының мүшелері тексереді. Бір адам екі рет дауыс бере алмайды.

Бәрін үлгерсек, президенттік сайлау мүмкін жаңа жүйемен өтеді»,-дейді ол.

Жаңа жүйе бойынша сайлау қортындысын орталық сайлау комиссиясы бір сағаттың ішінде біліп отыратын болады.

Ал, жұртшылық өкілдері жаңа жүйенің қарт адамдар үшін қиындық туғызатынын айтуда.

Орталық сайлау комиссиясы тұсаукесерін жариялап отырған электрондық дауыс беру жүйесінің құқықтық негізі жасалған ба? Бұл сұрақты Зағипа Бәлиева ханымға қойғанымызда, ол парламент қарауында жатқан «Сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жобаға түзетулер жасалатынын айтты.

Ал, Парламент депутаттары электрондық жүйемен дауыс беру жайының іске асырылуы заңда қаралуы керектігін айтып отыр. Мәжіліс депутаты Шаймерден Оразалиновтың айтуынша, үшінші оқылымға дайындалып жатқан «Сайлау туралы» конституциялық заңға енгізілетін өзгерістерде ол жайында ештеңе айтылмаған. Депутат Оразалинов электрондық дауыс беру туралы бөлек заң керек деп есептейді. «Егер электрондық дауыс беру жүйесін енгізсе, бірнеше айдан бері қаралып жатқан «Сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы жоба кәдеге жарамай қалады», -дейді ол.

Мәжілістің тағы бір депутаты Төлен Тоқтасынов, электрондық жүйемен дауыс беру туралы жаңа жобаны қолдамайтындығын жеткізді.

«Себебі, не үшін жасап жатқаны түсінікті. Мұны парламенттік сайлауға үлгермейтін шығар. Мүмкін оппозицияда жүрген жігіттер түскен округтерге тәжірибе ретінде енгізуі.

Ал, бәрі де 2006-шы жылы болатын Президенттік сайлауға»,-дейді Төлен Тоқтасынов.

Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Бәлиеваның сөзіне қарағанда жаңа жүйемен сайлау комиссияларының мүшелері және сайлаушылардың да таныстырылып оқытылады.
XS
SM
MD
LG