Accessibility links

Ерасыл Әбілқасымовтың әрекеттері биліктің тапсырмасы, – дейді Компартияның жетекшісі


Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиеваға жолдаған депутаттық сауалында Коммунистер партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдиннің партиялық тізіммен Қазақстан Парламентіне депутат болған Борис Сорокинді Компартиядан шығуына байланысты оны депутаттық мандатынан айыру жөніндегі мәселесіне қатысты, «Коммунистер партиясы екіге жарылды, сондықтан заң бойынша Коммунистер партиясы тарап кетті, енді Орталық сайлау комиссиясы тек Борис Сорокиннің ғана емес, Серікболсын Әбділдиннің де депутаттық мандатын алу керек»,– дейді. Сонымен қатар Ерасыл Әбілқасымов Әділет министрлігі мен Бас прокуратураға қазіргі «Саяси партиялар туралы» Заңға байланысты Коммунистер партиясының мүшелерін қайта есепке алу керек деген мәселе қойды. Оның өзі Коммунистер партиясының айналасындағы жанжалға себепкер болып отырған мен дейді.

Алайда Компартияның жетекшісі, Мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдин Ерасыл Әбілқасымовтың әрекетін бос әурешілік деп біледі. « Сөздің мағынасын түсіну үшін алдымен оның кім айтқанын білу керек. Әбілқасымовтың айтқан сөздеріне мен құлақ аспаймын. Ол кісінің қазақша айтқанда бір тақтасы кем болу керек», – дейді Серікболсын Әбділдин.

Мәжілістің наурыздың 4-де өткен жалпы отырысында Ерасыл Әбілқасымовтың Әбділдин мен Тоқтасыновқа қарсы депутаттық сауалдарынан кейін Болат Әбішов секілді депутаттардың Әбілқасымовтың әлдекімдердің тапсырмасымен сөйлейтін бейберекет сөздерін тыңдап отыруға уақытымыз жоқ деп, спикер Жармахан Тұяқбайдың шара қолдануын сұрады.

Мәжілістің отырыстарында Ерасыл Әбілқасымов тарапынан ұдайы сыналатын депутат Төлен Тоқтасынов мұның бәрі Президент әкімшілігінің тапсырмасы дейді. Оның айтуынша, осыдан екі жыл бұрын Президент әкімшілігінен жоба шықты. Оның ішінде Компартияға қарсы, Серікболсын Әбділдинді жетекшіліктен алу жөнінде мәселе қаралған. Бұл сол жоспардың әрекеті, – дейді депутат Тоқтасынов.

Ал Парламент Мәжілісінің этика жөніндегі комиссиясының төрағасы Жекен Қалиұлы болса, Ерасыл Әбілқасымовтың мәжілістегі сөйлеген сөздері депутаттық этикаға жатпайтындығын айтады. «Депутат Әбілқасымов әртүрлі партияға қатысты пікірлерін айтып жүр. Парламент партия ұйымдарының ассосациясы емес. Депутаттық этика комиссиясының төрағасы ретінде бірнеше рет этика жөніндегі комиссиямыздың отырысына шақырдым. Бірақ ол келуден ылғи бас тартады. Бұл біздің депутаттық этикаға жатпайды, адамгершілік этикаға да жатпайды», – дейді Жекен Қалиұлы.

Алайда Ерасыл Әбілқасымов болса, бұл әлі бастамасы деп отыр. Оның республиканың Бас прокуроры Рашид Түсіпбековке жолдаған сауалында қазіргі компартияның Астана қалалық , сондай-ақ, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстық ұйымдарының жабылатыны айтылған.
XS
SM
MD
LG