Accessibility links

Әл- Зарқавидің терролық әрекеттерді ұйымдастыру әдістері бұл әрекеттерге қарсы күресті одан әрі қиындата түсуде.


АҚШ ресми өкілдері Ирақтың Бағдат, Кербала қалаларында, шиилердің ашура мерекесі күндерінде алапат жарылыстарды ұйымдастырушы иорданиялық азамат- Абу Мусаб әл-Зарқави деп отыр. АҚШ Орталық жасағының басшысы және Ирақтағы бас қолбасшы генерал Джон Абизейд:

“Зарқавидің бұл шабуылдарға байланысы жөнінде бізде ақпараттар бар. Бізде сондай-ақ, Зарқавидің Ирақтың бұрынғы билігіне қатысы болғандармен байланысы барлығы жөнінде де мәлімет болуда. Әсіресе ирақтың бұрынғы құпия қызметі өкілдерімен”-, деген еді.

Ал, бұдан басқа АҚШ әскери өкілдерінің айтуынша, сейсенбі күні орын алған бұл жарылыстар өзінің орындалу үлгісі бойынша, бұдан бұрынғы 25-тей шабуылдар тәсілдерін қайталаған. Аталған мағлұматтың барлығы да, әл-Зарқавидің АҚШ әскери күштерінің қолына түскен хатында баяндалған екен. Ол әскерилер бұл хатты Зарқави әл-Қайда ұйымына жолдаған, деп тауып отыр. Хаттың мәтінінде әл-Зарқавидің қуаттау және қаржылай көмек сұрағаны бар, дейді олар.

Батысқа қарсы “қасиетті майданды” бастап жүрген әл-Зарқавиді террорлық әрекеттерге қарсы күрес сарапшылары аса қауіпті тұлға деп бағаласуда. Себебі ол жоғарыда айтылған шабуылдарды жақсы ұйымдастырушы, соны ойлап табушы. Ол- Ауғанстанда, әл-Қайда лагерлерінде арнайы дайындықтардан өткен екен. Ақпан айында Құрама Штаттары әл-Зарқавидің ізіне түсіретін мағлұмат ұсынғандарға берілетін сый ақы көлемін бес миллионнан 10 миллион долларға көтеріп қойған болатын. Келесі бір сарапшылардың пікірінше, әл-Зарқавидің лагерлері Мұсылман әлемінде одан әрі көбейе түсуде. Ұйым ретінде дербес болғанымен, олар идеология жағынан әл-Қайданы өздеріне басшы тұтады, дейді сарапшылар. Әл-Зарқави осы аймақта АҚШ күштерінің тұруына қарсы топтардың бір мүшесі ретінде шайқасқа көптен бері қатысып келеді.

Ол 2002-ші жылы Амманда Құрама Штаттарының дипломаты Лауреси Фолейдің өліміне қатысы бар, деп күдікке ілінген болатын. Ал, Иордания соты әл-Зарқавиді АҚШ және Израйль орындарына шабуылдар ұйымдастырды деп өткен жылы өлім жазасына кескен еді. Ирақтағы шабуылдарды ұйымдастырушы әл-Зарқави әрекеттерінен кейін АҚШ құпия қызметі өкілдері террорлық әрекеттерге қарсы күрестегі тәсілдерін өзгертуді ойластыруда. Бұдан бұрын олар әл-Қайда ұйымын жақсы ұйымдасқан топ ретінде тамырымен жұлып тастауды жоспарлаған болатын. Оның бір көрінісі ретінде 2001-ші жылы Талибан билігі құлатылды.

Алайда, Орталық агенттік басшысы Джордж Тенеттің айтуынша, Ауғанстандағы әл-Қайда ұйымын тамырымен құрту әрекеті ол ұйымның өзге елдерде, еркін ұйымдардың пайда болуына алып келіп отыр. Ал, кейін шыққан ұйымдар өз кезегінде өздерінің жеке нысаналарын, шабуыл жоспарларын айқындауда. Мұның өзі әл-Зарқави сияқты экстремистердің көбейе түсуіне әкелуде. Бұл тәуелсіз жихадшылар әл-Қайданы өздеріне рухани тірек, материалдық көмек көзі ретінде бағалауда.

Мұндай жағдай АҚШ-тың бастауындағы террорлық әрекеттерге қарсы күресті шеті-шегі көрінбес майданға айналдырып жіберді-, дейді Азаттық радиосының тілшісі Чарльз Рекнейгл.
XS
SM
MD
LG