Accessibility links

31 телеарнаның Шымкент қаласындағы бөлімшесінде төтенше жағдай орын алды.


Бейсенбі күні кешке, Шымкент қаласындағы 31 телеарнаның бөлімшесіне, белгісіз біреулер сыртында «Арт студияға» «Хизбут тахрирдан» деген жазуы бар конверт жіберген. Конверттің ішінен белгісіз ақ ұнтақтар шыққан. Осы оқиғадан кейін бұл мекеменің үш қызметкері дереу емханаға жеткізілген.

Оқиға туралы ести салысымен біз ең алдымен Шымкент қаласындағы инфекциялық клиникалық аурухананың бас дәрігері, Маймақов Әнуарбекке хабарластық. Оның айтуынша, емханаға түскен екі қызметкердің денсаулығына дәл қазіргі уақытта төніп тұрған ешқандай да қауіп қатер жоқ.

Ал, «Арт студияның» бас редакторы Владимир Хаевтың айтуынша бұл оқиға кешкі төрттен кейін орын алған.

«Бейсенбі күні кешке пошташы редакциямызға хат әкеліп тастады. Хаттың сыртындағы конверттің кеңес үкіметінен қалғаны көрініп тұрды. Конверттің сыртында «Хизб ут тахрирдан» «Арт студияға» деген жазу бар екен. Конвертті ашқан кезімізде ішінен не екені белгісіз ақ ұнтақ шыға келді. Біз конвертті бірден сыртқа лақтырып жібердік. Содан кейін біз полиция қызметкерлерін шақырдық.

Полиция қызметкерлерімен қатар, бұл жерде Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің өкілдері, сондай-ақ дәрігерлер де болды. Ал конверт тексерілу үшін қажетті орындарға жіберілді» деді 31 телеарнаның бөлімшесі болып саналатын «Арт студияның» бас редакторы Владимир Хаев.

Біз осы оқиғаға байланысты Шымкент қалалық ішкі істер министрлігіне де хабарластық. Аталмыш мекеменің қызметкері Әбдіқұлов Талғат бұл жөнінде әлі тексеру жұмыстарының жүріп жатқандығын, сараптама жұмысының әлі нәтижесінің шықпағандығын, сондықтан бұл жөнінде толық ақпарат бере алмайтындығын мәлімдеді.

Мәселенің анық-қанығын білу үшін біз Шымкент қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшесіне хабарластық. Алайда осы мекеменің қызметкері подполковник Александр Дороженко кейіннен хабарласуымызды өтінді. Кейіннен хабарласқан кезімізде ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің оқиға орын алған жерге бармағандығы туралы мәлімет берді.
XS
SM
MD
LG