Accessibility links

Әйелдерге қатысты жасалатын тұрмыстық жағдайдағы зорлық- зомбылық проблемасы бұрынғы Совет елдерінде өзекті тұрған мәселелердің бірі


Әйелдерге қатысты жасалатын тұрмыстық жағдайдағы зорлық- зомбылық проблемасы бұрынғы Совет елдері үшін өзекті тұрған мәселелердің бірі . Аталған бағытта арнайы сауалнама жүргізіп, зерттеу жасаған БҰҰ әйелдер даму қорының сарапшылары осындай қорытынды жасап отыр.

Сарапшылар пікірінше, бұрынғы кеңес елдерінде әйелдерді құқы шектеулі, көп жағдайда екінші біреуге тәуелді деп түсінетін патриархалдық ескі көзқарас әлі де сақталған.Сонымен қатар,бұл елдерде әйелдерге қатысты жасалатын зорлық- зомбылықтың өзін бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады дейді сарапшылар. Осы ретте, ҚР бас прокуратурасы таратқан ақпараттарға қарағанда, ресми дерек бойынша, Қазақстан полициясына өткен 2003- жылы түрлі деңгейде зорлық- зомбылық көрген 25000-нан астам әйел қайырылыпты. Оның 1300-і соққыға жығу, 1200-і зорлау, сондай-ақ,360 –ы саналы түрде әйел денсаулығына зиян келтіру жағдайында болған.

БҰҰ ұйымы әйелдер даму қоры жүргізген сауалнамаға қатысқан Қазақстандықтардың басым бөлігі республикада ер азаматтардан гөрі, әйел адамдар тұрмыстық жағдайдағы зорлық- зомбылыққа жиі кез болады деген пікір білдіріпті. Ал әйелдерге қатысты жасалатын мұндай зорлық- зомбылықты топтастыра келгенде, оның алғашқысы көбінесе үй жағдайында орын алса, екіншісі олардың жұмыс орнында кездесетін қысым екені белгілі болған. «Үй жағдайында қысым көрген әйелдердің нәтижесінде психикалық көңіл- күйі мен денсаулығы нашарлап, бала туу қабілеті төмендейді.Ал, жұмыс орнындағы зорлық- зомбылықтың басым бөлігі экономикалық сипатта болады. Яғни, өзінен жоғары тұрған бастықтың немесе, тағы басқа да ер азаматтардың ниетін қайтарған әйел мұндай жағдайда біріншіден , жұмыстан айрылудан қорқады, немесе, қызмет бабымен өсу мүмкіндігінен қағылады, ал үшінші жағдайда, тіпті, жалақысы да төмендетілуі мүмкін» дейді сарапшылар. «Ал, бұл мәселелерде бастысы, жапа шеккен әйелдің өз құқын біліп, дер кезінде тиісті орындарға қайрылуы.Тек сонда ғана оған көмек көрсетіледі» дейді БҰҰ-ның әйелдер даму қоры «Орта Азия елдеріндегі әйелдерге қатысты зорлық- зомбылықты алдын- алу» жобасының жетекшісі Алма Есіркепова.

Алма Есіркепованың айтуынша, қазірде Қазақстанда әйелдерге қатысты үй жағдайындағы зорлық – зомбылықты алдын алу туралы заң жобасы дайындалуда. Жобаны республика ішкі істер министрлігі мен аталған ұйым мамандары бірлесіп әзірлеген. Заң жоба үкімет орындары мен қоғамдық ұйымдардың әйелдерді қорғау бағытында бірлесе жұмыс істеуін қарастырады.

Ал ҚР-ның бас прокуратурасы жанындағы тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселелерін зерттеу институтының бөлім басшысы Талдықбай Есмахановтың айтуынша, ТМД елдерінің арасында әйелдерге қатысты зорлық- зомбылықты алдын- алу туралы заң әзірге Украина мен Қырғызстанда қабылданған. «Қазақстанда да осы бағытта бірқатар шаралар жүзеге асырылуда.Республикада зорлық көрген әйелдердің арнайы статистикасы жүргізіледі. Ішкі істер министрлігінде осы топпен жұмыс жасайтын бөлім бар. Ал заң жобасы әзірге шикі, сондықтан оны тағы қарау керек. Негізі, қазірде бұл бағытта үкіметтік емес ұйымдар көп жұмыс жасап жатыр. Бір ғана Алматының өзінде ондай ұйымдар көптеп саналады» дейді Талдықбай Есмаханов.

Сондай ұйымдардың бірі «Қамқорлық» дағдарыс орталығының басшысы Зұхра Тұрғанбай аталған орталықта орнатылған сенім телефондарына тек өткен жылы ақыл- кеңес сұрап, 9000- ға тарта әйелдің қоңырау шалғанын айтады. Бұл орайда олардың өз аты жөндерін атауы міндетті емес. Көмек сұрағандар үшін алғашқы психологиялық, медициналық, сондай-ақ, заңдық тұрғыда қызмет көрсетіледі.

Зұхра Тұрғанбайдың айтуына қарағанда, отбасында зорлық – зомбылық көретін әйелдердің басым бөлігі- жұмыссыз, яғни екінші біреуге тәуелділер боп келеді.

Ал, өз кезегінде БҰҰ әйелдер даму қорының сарапшылары Қазақстанда әйелдерге қатысты жасалатын зорлық- зомбылықты алдын- алудың бір жолы ретінде тұрғындардың ақпараттық білімін арттыру қажеттілігін айтады.
XS
SM
MD
LG