Accessibility links

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң жобасы Қазақстанның сөз бостандығын жетілдіруге дайын емес, – дейді OSCE өкілі


Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жанындағы «артикль 19» деп аталатын сөз бостандығы үшін дүнижүзілік компания Қазақстан Парламентінде талқыланып жатқан «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң жобасына қатысты арнайы Меморандум қабылдаған. Онда аталған заң жобасына қатысты өздерінің сараптамалары жазылған. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Қазақстанға жолдаған хатында «бұл Меморандумда аталмыш заң жобасына қатысты кемшіліктер жазылған» делінген.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Қазақстандағы өкілі Александра Лиамине «біздің өз тарапымыздан түрлі қоғамдық ұйымдар мен ақпарат министрлігі өкілдерін шақырып, олардың пікірлерін білуіміздің себебі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтмақтастық ұйымы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасының халықаралық талаптарға сай болуын қалайды және осыған байланысты өзіміздің ұсыныстарымызды айтып отырмыз», – дейді.



Александра Лиаминенің айтуынша, аталмыш заң жобасы Қазақстандағы сөз бостандығын жақсартуға дайын емес.



Ал Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң жобасы бойынша жұмысшы топтың төрағасы болған Әбдіжәлел Бәкір Еуропдағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тарапынан жолдаған хатқа байланысты ойын былайша жеткізеді:

«Сөз бостандығын асыра пайдалануға жол бермеу туралы 4-бап бар. Соның 4-тармақшасында Бұқаралық ақпарат құралдарында сот ісі нәтижелерін алдын-ала шешуге, яғни сот талқысына түскен бір тарап позицияның дұрыстығын және алдағы сот қаулысының заңдылығы мен әділдігі туралы қоғамдық пікір қалыптастыруға бағытталған хабарламалар таратуға тыйым салынады дейді. Олар осы тармақшаны алып тастау керек дейді. Меніңше сотта қаралып жатқан мәселелердің ең соңғы шешімі болмайынша, ақпарат құралдары жан-жақтан жазуы дұрыс емес деп есептеймін».



Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Зәуреш Батталова аталмыш заң жобасына байланысты Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тарапынан айтылып отырған кемшіліктердің орынды екендігін, заң жобасында уәкілетті органға ақпарат құралдарын қадағалайтын, одан қалса жауып тастай алатындай мүмкіншілік берілгендігін айтады.

Зәуреш Батталова Парламент депутаттарының дені Үкіметтің сөзінен шықпайтын депутаттар екендігін айтып, солардың қолымен аталмыш заң жобасында сөз бостандығын шектейтін қалыптар өтіп жатқандығын тілге тиек етеді. Мысалы Сенатор Зәуреш Қабылбекқызының айтуынша, «БАҚ туралы» Заң жобасының уәкілетті органның құзіреті деп аталатын 8-баптың 7-тармақшасында «лицензиаттың шарттарды сақтауына бақылау жасауды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген тәртіппен лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды» деген қалып соттың шешімінсіз-ақ Ақпарат министрлігі кез-келген ақпарат құралдарын жауып тастай алады дегенді білдіреді дейді, – Зәуреш Батталова.

Ақпарат министрі Сауытбек Әбдрахманов қоғамдық ұйымдардың, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өзінің тарапына айтылған сынға байланысты былайша пікірін білдіреді: « Қандай пікір болса да тыңдау керек. Қандай пікірге де құлақ асу керек. Олардың арасында заң жобасын жетілдіруге пайдасы тиетіні болса алу керек. Бірақ өкінішке орай айтылған ұсыныстардың көпшілігі Қазақстан Республикасының заңдарын, оның ішінде Қазақстан Конституциясын білмейтіндігін көрсетіп отыр».



Ақпарат министрі Сауытбек Әбдрахмановтың айтуынша, Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы өкілдерінің өздері министрлік тарапынан қойылған сұраққа тұшымды жауап қайтара алмады.



«Бұқаралық ақпарат құралдары» туралы Заң жобасы қазір Парламентте келісім комиссиясының қарауында жатыр. Наурыздың 11-күні Келісім комиссия аталмыш заң жобасын қарап тиісті шешім шығаруға тиіс.
XS
SM
MD
LG