Accessibility links

Журналист Геннадий Бендицкий не үшін соттасып жатқанын білмейді


Журналист Геннадий Бендицкий “Время” газетіне жариялаған мақаласында мемлекет бюджетінен бөлінген бір 1,5-2 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржы “Республикалық инновациялық қор” деп аталатын жабық акционерлік қоғамның есебіне аударылып, соңынан бұл ақшаның жоқ болып кеткенін жазған. Мақалада “Республикалық инновациялық қор” деп аталатын мемлекет меншігіндегі акционерлік қоғамның жетекшісі Асығат Жабағиннің аты аталған. Кезінде республиканың Энергетика, сауда және өнеркәсіп министрі, үкімет жетекшісінің орынбасары қызметін атқарған Асығат Жабағин журналист Геннадий Бендицкий жала жапты деп айыптап, сотқа шағымданды. Қылмыстық іс қозғалған шақта Геннадий Бендицкий Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазды. Республика президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бас прокуратурасы мен республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне журналист көтерген мәселеге байланысты арнайы тексеру жүргізу туралы тапсырма берді. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі комитет мүшесі Шәріпбек Шардарбекұлы тексеру нәтижесінде біраз ақпараттың беті ашылды деп отыр. Шәріпбек Шардарбекұлы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі комитет мүшесі: -Тексерудің қортындысы бойынша, сол істің төңірегінде қылмыстық істердің болуы мүмкіндігі анықталған сияқты. Осы мәселеге байланысты прокуратура қылмыстық іс қозғау туралы тапсырма беріп, қазір Асығат Жабағиннің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Шын мәнінде, ақшаның бір бөлігі тиісті орындарына, яғни Украина мен Ресей заводтарына жетпегені анықталған.

Бұл орайда біз Асығат Жабағиннің адвокаты Анатолий Гинзбургпен хабарласуға тырыстық. Алайда Анатолий Гинзбург мырза қол телефонына жауап қайтармады. 10-ші наурыз күні болған сот отырысынан кейін Геннадий Бендицкий “мен көтерген мәселе расталды, бірақ неге 4 ай бойы соттасып жүргенімді білмеймін”, -деді. Геннадий Бендицкийді айыптап отырған жақ, журналист жала жапты десе, Геннадий Бендицкий журналисттік зерттеу арқылы сыбайластық пен жемқорлық мәселесін көтеруге тырыстым дегенді айтады. Журналиске қолдау білдіріп отырған “Ақ жол” партиясының жетекшілері мен Геннадий Бендицкийдің әріптестері арнайы қорғау комитетін құрған болатын. Қоғамдық комитеттің төрағасы Болат Әбілов Геннадий Бендицкий ақталып шықса да, комитет жұмысын жалғастыра беретінін мәлімдеген еді. Ақпанның 7 –де Геннадий Бендицкийді қолдау жөніндегі қоғамдық комитет арнайы митинг ұйымдастырды. Бұл митингта сөз сөйлеген “Ақ жол Қазақстан” газетінің жетекшісі Нүртөре Жүсіп журналисттерді әріптестерін қолдауға шақырды. Нүртөре Жүсіп, “Ақ жол Қазақстан” газетінің редакторы: -Бұл сыбайластық пен жемқорлық қоғамды жайлап бара жатыр.Мұндай індетпен күрескен журналистерді жазалау, қатаң жазаға тарту-ешбір елдің заңында жоқ нәрсе. Себебі ақықат, шындық қашанда қымбат!

11-ші наурыз күні Геннадий Бендицкийге қарсы қозғалған қылмыстық іс ары қарай жалғасады.
XS
SM
MD
LG