Accessibility links

Нұртай Әбіқаевтың саяси бейнесі


Нұртай Әбіқайұлы Әбіқаев 1947 жылдың 14-ші мамырында дүниеге келген. Мамандығы инженер-механик, экономика ғылымының доқторы. 1972 жылдан бастап өз мамандығы бойынша Алматы ауыр машина жасау зауытында инженер болып еңбек жолын бастаған. 1976-1990 жылдары аралығында –партиялық, кеңестік жұмыстарда болды. Қазақстан тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары Нұртай Әбіқаев республика президенті мен премьер-министрі аппаратының басшысы қызметін атқарды. 1995-1996 жылдары Қазақстанның Біріккен Ұлыбритания Корольдігі мен Солтүстік Ирландиядағы төтенше және өкілетті елшісі де болды.

Саясаткер Сейдахмет Құттықадам «Нұртай Әбіқаев елші қызметін атқарғанда президент Нұрсұлтан Назарбаев оны жиі іздеп тұратын»,- дейді Сейдахмет Құттықадам, саясаткер:

-Нұртай Әбіқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық құпиясын біледі,сенімді,сонымен қатар, олар бір рудан, бір отбасынан, сол себептен президент Нұрсұлтан Назарбаев Нұртай Әбіқаевты таңдап отыр. Алайда күні бүгінге дейін Нұртай Әбіқаев өзін ашық саясаткер ретінде көрсеткен жоқ.

1996 жылдың қырқүйегінен бастап екі жылдай Нұртай Әбіқаев президенттің көмекшісі болды. Ал 1998 жылы ол Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комиетітінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Нұртай Әбіқаев осы қызметте тұрған тұста Қазақстан Солтүстік Кореяға ескі «МИГ-21» ұшағын сатып, халықаралық дауға ұшырады. Саясаткер Сейдахмет Құттықадам осы дауға Нұртай Әбіқаевтың қатысы болған дейді, бірақ ол жолы Әбіқаев жауапқа тартылған жоқ, тек республиканың Сыртқы істер министрінің орынбасары болып төмендеді. Алайда көп уақыт өтпей ол президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалып, бұл қызметте осы аптаның сәрсенбісіне дейін жұмыс атарып келді. Енді Нұртай Әбіқаев Қазақстан парламенті Сенатының төрағасы қызметіне сайланып отыр. Қазақстанның Республикалық халық партиясының атқару комитетінің жетекшісі Әміржан Қосановтың айтуынша, Нұртай Әбіқаевтың қызметі тағыда төмендеді деуге болады. Әміржан Қосанов, Қазақстанның Республикалық халық партиясының атқару комитетінің жетекшісі:

-Нұртай Әбіқаев президент отбасында болған текетірестің алдын ала алмады, сол себептен президент Нұрсұлтан Назарбаев оның қызметін төмендетіп отыр.

Қалай болғанымен, Нұртай Әбіқаев Қазақстандағы ресми биліктегі екінші адамға айналып отыр.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG