Accessibility links

«Время» басылымының спорт журналисті Максим Карташов белгісіз біреулер тарапынан соққыға жығылды


11-наурыз күні кешкісін «Время» басылымының журналисті Максим Карташовты белгісіз біреулер өз үйінің алдында соққыға жығып кеткен. Спорт тақырыбына жазатын журналист оған үйінің кіре берісінде белгісіз екі азаматтың шабуыл жасағанын айтады. Және де журналистті соққының астына алғандар оның қол телефоны немесе қалтасындағы ақшасы сынды басқа да жеке заттарына тиіспеген. Осымен байланысты «Время» басылымының ұжымы бұл шабуылды Максим Карташовтың кәсіби қызметімен байланыстырып отыр.Тақырыпты одан әрі Алматыдағы тілшіміз Сәуле Омар жалғастырады.

Оқиға 11- наурыз күні кешкі сағат 17.30 шамасында болған. 5 қабатты үйдің 1- қабатында тұратын «Время» басылымының спорт журналисті Максим Карташов үйге кірес берісте оған алдымен артынан келген бір адамның шабуыл жасап , басынан қатты соққы алған оны сосын екі адамның аяқпен тепкілей бастағанын айтады. Тосын айғайды естіген Максимнің жары үйден шыққанда , әлгі екеу қаша жөнелген. «Олардың мені тонайтын ойы болған жоқ, өйткені, мені соққыға жыққандар жанымдағы қол телефоным немесе ақша сынды жеке заттарыма тимеді. Сондықтан да, бұл шабуылды мен кәсіби қызметіммен байланыстырамын» дейді Максим Карташов.

Басы мен дене соққысын алып, көзінің қабағы жарылған Максимді шұғыл шақырылған жедел жәрдем көлігі бірден Алматыдағы нөмірі 7- Қалқаман ауруханасына жеткізген. Нейрохирург дәрігер Абай Мырзабековтың айтуына қарағанда, науқастың қазіргі жағдайы орташа деп бағаланып отыр.

« Время» басылымы редакторының орынбасары Вадим Борейконың пікірінше, бұл шабуыл қалай болғанда да Максимнің кәсіби қызметімен байланысты. «Себебі, ол Қазақстан спортына қатысты сыни мақалаларды газет бетінде көп жазды. Әрине, бұл спорт саласын басқаратын Қазақстанның шенеуніктеріне ұнай бермейтін. Бұдан бұрындары да телефон арқылы бірқатар, қорқытып- үркіту шаралары жасалған.Ол шамасы, алдын- ала ескерту болса керек» дейді Вадим Борейко.

Сондай-ақ, Вадим Борейконың айтуынша, қазірде бұл оқиға бойынша, Алматы қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері қылмыстық іс қозғап, іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Мүмкін, олар орындаушыларды табар, бірақ, басты тапсырыс берушілер әдеттегідей, көлеңкеде қалары сөзсіз» дегенді айтады «Время» басылымы редакторының орынбасары.

Біз осыған орай, Алматы қалалық ішкі істер Бас басқармасының баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, оның өкілі Абай Омаров бұл іс бойынша әзірге нақты бір мәліметтің жоқтығын алға тартты.

Жалпы, Жас Алаш басылымының спорт шолушысы Есей Жеңісұлының бұл тұрғыдағы пікірі, аталған оқиға Максим Карташовтың кәсіби қызметімен байланысты болуы да мүмкін. Оның себебін журналист: « Менің ойымша, бұл жалпы «Время» басылымының ұстанымын шыққан мәселе. Негізі, елде Қазақстандық спорттың өзекті мәселелерін ашық жазып, өзіндік қоғамдық пікір тудырып жүрген журналистер аз емес. Бірақ, олардың ешқайсысы да Максим Карташов сынды қазбаланып, ол проблеманың бүге- шігесіне дейін ашып жазбайтын. Жалпы, көбіне спортта лас, тек қара күшке сенетін адамдар жүреді деген де пікір қалыптасқан ғой.Мүмкін, солардың біреуінің шымбайына тиіп кеткен болар. Ал, бұл біздің қоғамның сын көтере алмайтындығының белгісі» дегенмен түсіндіреді.

Ал, республикалық Ақ жол – Қазақстан басылымының бас редакторы Нұртөре Жүсіп өз кезегінде қалай болғанда да, журналистер қоғам қорғауында болуы керек дегенді айтады. « Әрине, бұл оқиғаның бағасын құқық қорғау органдары береді, бірақ, соңғы кездері Қазақстанда журналистерді соққыға жығу, қуғындау оқиғаларының жиілеп кеткенін жоққа шығара алмаймыз. Ал, бұл демократиялық сипатқа жат құбылыс» дейді Н. Жүсіп.
XS
SM
MD
LG