МАДРИД: Испаниядағы Баск сепаратистерінің ЭТА тобы өткен бейсенбі күні Мадридтегі 200 адамның қазасына себеп болған жарылыстарға қатысы барлығын теріске шығаруда. Басктердің Интернет желісіндегі “Gara” басылымы бүгін осылай деп хабарлаумен бірге, Хосе Мария Аснардың үкіметін АҚШ-тың Ирақтағы саясатын қолдағаны үшін сынға алады. Оның алдында испан полициясы Мадридтегі террористік қастандықты “Әл-Қаида” ұйымының өз жауапкершілігіне алатын бейне таспаны алды. Испанияның ішкі істер министрі Анхель Асебес хабарлағандай, ол мәлімдемені мароккалық араб тілінде сөйлеген ер адам жасады.