Accessibility links

“Егемен Қазақстан”, “Жас алаш”, “Экспресс К”, “Комсомольская правда “Казахстан”, “Литер”, “Известия Казахстан”.


Алматы облысы Талғар ауданының Талдыбұлақ кентінде болған лай көшкіні апаты сейсенбі күнгі жарық көрген барлық мерзімді басылымдардың басты тақырыбына айналыпты.

Алматы облысы Талғар ауданының Талдыбұлақ кентінде болған лай көшкіні апаты сейсенбі күнгі жарық көрген барлық мерзімді басылымдардың басты тақырыбына айналыпты. “Егемен Қазақстан” басылымының 16 наурыз күнгі санында жарық көрген Батық Мәжитұлының мақаласында бұл оқиғаның сенбіден жексенбіге қараған түнде сағат 2 ден 14 минут өткенде орын алғандығы хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, бұл жер Талғар ауданындағы “Ақбұлақ” демалыс орнының аумағы. Кезінде оған “Дәуір” баспаханасы иелік еткен. Газет тілшісінің хабарлауынша, қазір “Аққайың” мұнай корпарациясына жалға берілген. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, мұндай алапат лай көшкіні бұрын-соңды болмаған. Мамандардың айтуына қарағанда, лай көшкінінің көлемі 3 миллион шаршы метрді құрайды. Комиссия мүшелерінің пікірінше, бүгінгі таңдағы шығынның өзі 75 миллион теңгенің көлемін қамтып отыр. Көшкін астында 28 адам қалып, көз жұмған арасында балалар да бар. Сондай-ақ газеттің осы санында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың лай көшкінінен қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтқандығы да айтылыпты. Президент жеделхатпен жолдаған сөзінде, Үкіметке комиссия құруды және Алматы облысының басшылығымен бірлесе отырып, табиғи апаттың зардаптарын жою мен материалдық жағынан көмектесудің нақты шараларына кірісуді тапсырғандығын мәлімдепті. “Жас алаш” газеті де сейсенбілік санының бірінші бетінде “Төраға ауысқан күні Талғарда жер көшті” деген тақырыппен көлемді мақала жариялапты. Газет тілшісінің хабарлауынша, тау бөктерінде дәл осындай қауіп төніп тұрған үйлер әлі де көп. Алдағы уақытта әкімшіліктен арнайы комиссия құрылып, қауіпті аймақта тұрған үйлер тексерілмекші. Бейресми ақпарат бұлақтарынан алынған деректерге қарағанда, кезінде осында тұратын тұрғындарға 3 АҚШ долларын беріп көшірмекші болғанда тұрғындар келіспей қойған. “Экспресс К” газеті өзінің соңғы санында Қазақстанда өткен екі жылдың ішінде техникалық және табиғи апаттың зардабынан 473 адамның қаза тапқандығы және 1700 адамның жарақат алғандығы хабарланыпты. Осы жылдың қаңтар және ақпан айларында қаза тапқандардың саны өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 25,4 процентке көп. Осы уақыттың ішінде Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік 6500 рет оқиға орын алған жерге шығып, 7000 адамды құтқарған. Сондай-ақ газеттің осы санында Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің төрағасы Заманбек Нұрқаділовтың қызметінен босатылғандығы және парламент сенатының спикері Нұртай Әбіқаевтың оның соңғы жасаған саяси мәлімдемесіне “аяғынан дұрыс тұрмаған адамның сандырағы” деп баға бергендігі хабарланыпты. “Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасының сейсенбілік санында Талдыбұлақ кентіндегі қираған екі қабат үйдің бірінші қабатында өмір сүрген адамдардың бәрінің де қаза тапқандығы айтылыпты. Қаза тапқандардың ішінде тоғыз Қытай азаматы да бар екен. Жекесенбі күні оқиға орын алған жерге Қытайдың елшісі келген. Мақала авторының айтуынша, кейбір отбасылар түгел қаза тапқан. Газет тілшісінің хабарлауынша, қазып, аршып алу жұмыстарының қанша жүргізілетіндігі де белгісіз. Жаңадан жарық көрген “Литер” басылымының соңғы санында қаза тапқандар отбасыларының моральдық және материалдық шығын талап етіп щағымданғысы келгендерімен, кімге арызданарын білмей отырғандығы баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, қанша адамның қаза тапқандығы туралы нақты мәлімет алу да әзірше қиынға соғып отыр. “Қаза тапқандардың отбасылары орын алған оқиғаға орай “Қазселқорғау” ұйымын кінәлап отыр. Мысалы әкесі, шешесі секілді ең жақын жеті бірдей туысқаны қаза тапқан Айгүл дейтін әйел осылай санайды. Қираған үйде өмір сүрген 53 адамның ішінен тек сауасақпен санарлықтайы ғана аман қалған” дейді мақала авторы. Газет тілшісінің хабарлауынша қаза тапқандардың туған-туысқандары әлі күнге шейін жақын адамдарының қаза тапқандарына сенбей, оқиға орын алған жерден кетпеген. Ал, “Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасында қаза тапқан 28 адамның 15 әйел, алтауы жас бала екендігі хабарланыпты. “Дәл қазіргі уақытта үш адам ауыр жағдайда ауруханада жатыр. Құтқарушылардың алғашқы тобы оқиға орын алған жерге таңғы сағат төрт кезінде келген” деп хабарлаған мақала авторы таяу арада Көктебеде де осындай лай көшкінінің тағы да орын алуы мүмкін деген болжам жасайды. Мамандардың айтуынша, соңғы он жылдың ішінде ешкім де оқиға орын алған жерде профилактикалық жұмыстарды жүргізбеген. “Арық жүйесінің жоқтығынан асфальтта жарықшақ пайда болып, лай көшкіні орын алған” дейді мақала авторы. Сондай-ақ мақала авторы мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижанның әр отбасына көрсетілетін көмектің 200 мың теңгеден кем болмау қажеттілігі жөнінде ұсыныс жасағандығын да атап өтеді.
XS
SM
MD
LG