Accessibility links

“МК в Казахстане”, “Начнем с понедельника” , “Время”, “Қазақ елі”, “Түркістан”.


Биліктегі соңғы өзгерістер, Заманбек Нұрқаділовтың саяси мәлімдемесі және алдағы келе жатқан Наурыз мейрамы 18 наурыз күні жарық көрген мерзімді басылымдардың негізі тақырыбына айналыпты.

Биліктегі соңғы өзгерістер, Заманбек Нұрқаділовтың саяси мәлімдемесі және алдағы келе жатқан Наурыз мейрамы 18 наурыз күні жарық көрген мерзімді басылымдардың негізі тақырыбына айналыпты. Нұртай Әбіқаевтың Жоғарғы палата сенатының спикері болып тағайындалғанына бір жетіден асса да, мерзімді басылымдар осы тақырыпты талқылауды әл жалғастырып келеді. “МК В Казахстане” газетінің тілшісіне берген сұхбатында саясаттанушы Сәбит Жүсіпов Нұртай Әбіқаев алдағы уақытта Қазақстан президентінің мұрагері болуы ықтимал деген болжам жасайды. Сәбит Жүсіповтың айтуына қарағанда Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі тым төмендеп кеткендіктен, мұндай өзгерістердің болуы заңды құбылыс. Сондықтан да президент алдағы уақытта “Асар” партиясына үнемі көштің алдында болатындығына толық сенімді емес. Сәбит Жүсіповтың айтуынша, президент басқарып отырған элитаның бағытының дұрыс емес екендігін түсінгендіктен осындай қадам жасауға мәжбүр болған. Осы тақырыпты жалғастырған “Начнем с понедельника” апталығында мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаев Нұртай Әбіқаев президенттің ең сенімді адамдарының бірі болғандықтан Жоғарғы палата сенатының спикері қызметіне тағайындалды деген көзқараста. Серікбай Әлібаев Нұртай Әбіқаев президенттің мұрагері болады деген пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, егер де президент мұрагер іздесе 2006 жылы өтетін президенттік сайлауға қатысатындығы туралы мәлімдеме жасамас еді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің бұрынғы төрағасы Заманбек Нұрқаділовтың жасаған саяси мәлімдемесі де мерзімді басылымдардың әр түрлі болжам жасауына себеп болды. “Начнем с понедельника” апталығы бейсенбілік санында 19 наурыз күні Заманбек Нұрқаділовпен тікелей сұхбат өткізетіндігін хабарласа, “МК в Казахстане” газетіне берген шағын сұхбатында Жоғарғы палата сенатының спикері Нұртай Әбіқаев өзінің бұл қызметке тағайындалуының Заманбек Нұрқаділовтың мәлімдемесімен түк байланысы жоқ екендігін айтып өтіпті. Нұртай Әбіқаевтың айтуына қарағанда Заманбек Нұрқаділов билікті арандатып отыр. Ал, “Асар” партиясының басшысы Дариға Назарбаева бұл оқиға Парламент сайлауының алдындағы дайындық болуы ықтимал деген болжам жасапты. “Время” газетінің соңғы санында жарық көрген Юрий Корзунның мақаласында да бұл оқиғаның елдің арасында үлкен дүрлігіс туғызғандығы атап өтіліпті. Алайда мақала авторының айтуынша, Заманбек Нұрқаділов мұндай мәлімдемені 1997 жылы да жасаған. Бірақ осы мәлімдемеден кейін Нұрсұлтан Назарбаев оппозиция алаңына шыға бастаған Заманбек Нұрқаділовты Алматы облысының әкімі қызметіне тағайындап жіберген. Газет тілшісінің хабарлауынша, Заманбек Нұрқаділовтың саяси мәлімдемесінде асып бара жатқан жаңалық айтыла қоймаған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, мәлімдемеде келтірілген деректердің бәрін де бүгінгі шығып жатқан Нұрсұлтан Назарбаевты қатты сынға алып жүрген басылымдардың және Интернет – парақшаларының кез-келгенінен кездестіруге болады. Бұқаралық ақпарат құралдрында жарық көрген кейбір деректерге жүгінсек, осы мәлімдемені жасамас бұрын Заманбек Нұрқаділовты премьер-министр шақырып, Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттіктің Астанаға көшірілуін талап етіп, осыған байланысты 275 миллион теңгенің баяғыда бөлінгендігін, сондай-ақ Агенттікке берілген ондаған пәтерлердің әлі күнге шейін бос тұрғандығын айтыпты. Мақала авторының пайымдауынша Заманбек Нұрқаділовтың саяси мәлімдеме жасауына осы жағдайлардың себебі тиюі ықтимал. Алдағы келе жатқан Наурыз мейрамы да мерзімді басылымдардың назарынан тыс қалмапты. Бұл тақырыпқа “Қазақ елі” және “Түркістан” газеті айрықша тоқталып өтіпті. “Қазақ елі” газетінде жарық көрген зерттеуші ғалым Ғазиз Райстың мақаласында наурыз мерекесінің Еуропа мен Азия халықтарының біздің ғасырымызға дейінгі 558 жылдан 330 жылға дейін ортақ тойланып келген мерекесі екендігі атап өтілген. Ал, “Түркістан” газетінің бейсенбілік санында “Наурыз назы” атты мақала жарық көріпті. Мақалада Алматы қаласының наурыз кездері ерекше сұлуланудың орнына ластанып кететіндігі сынға алыныпты. Мақала авторының айтуынша, Алматы қаласында 7,5 мыңнан астам өндірістік мекемелер, 100 ден астам ірі кәсіпорындар бар екен. Казгидрометтің сараптамаларына сүйенсек, ауадағы денсаулыққа зиянды формальдегидтің орташа есеппен бір жылдық құрамы бес есеге өсіп, фенол, азот қышқылы екі есеге көбейіп кеткен.
XS
SM
MD
LG