Accessibility links

Гүржістан парламенті Аджария республикасымен өзара дағдарысты реттеуге әрекеттеніп отыр.


Аджария астанасы Батумидегe келген Гүржістан Парламенті төрағасы Нино Бурджанадзе тілшілерге Тбилиси бұл мәселенің бейбіт жолмен шешілгендігін қалайды деген.

- Жағдай күрделі. Бірақ біздің негізгі міндет – ол жағдайды бейбіт жолмен реттеу. Гүржістандағы конституциялық тәртіп қайта тіктелуі қажет. Сайлау заңдары орындалуы тиіс, - деген парламент төрағасы.

Наурыздың 15і күні, Аджарияны орталыққа бағындыру мақсатында президент Саакашвили ол аутономиялы республикаға экономикалық блокада жариялағаннан кейін ол аймақтағы дағдарыс одан әрмен өрши түскен еді. Ал негізгі мәселе, жексенбі күні Аджария қауіпсіздік күштері президент Саакашвилиді өз аумағына кіргізбеген кезден басталған болатын. Сол-ақ екен, Саакашвили санцияны жариялап кеп жіберді.

Өз президентімен сөйлесіп алғаннан соң Гүржістан парламенті төрағасы Бурджанадзе Аджария басшылығын аямай-ақ сынады. - Гүржістан әкімшілігі бұл мәселені бейбіт жолмен шешуді қалайды. Бірақ біз Аджарияның Гүржістаннан бөлініп кетуіне көнбейміз. Президенттің өз елі аумағына кіргізілмеуін қалайша түсінуге болады. Мұны орталық әкімшілікті мойындамау деп түсіну лазым. Бірақ біз бұл тығырықтан, өзара мәмілемеге келіп, шыға аламыз деп сенемін, - дейді Бурджанадзе.

Бірақ төрағаның ескерткеніндей, Аджария мен Гүржістан арасындағы бұл дауды бір күнде шешу де оңай шаруа емес. Буржандзе оған дейін телефонда Аслан Абашидземен сөйлесіп, оның президент Саакашвилимен кездесуі жағдайын талқылаған болатын. Сондай-ақ парламент спикері Ресей елшісі Владимир Чхиквишвили мен де кеңесіп алды.

Наурыздың 16сы күні АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі Адам Ерели Вашингтонның сабырға шақырған сөзін тағы да қайталады.

Біз Гүржістандағы жағдайды жақыннан қадағалап отырмыз. Екі жақпен де байланыстамыз. Біз егемендікті де, Гүржістанның аумақтық біртұтастығын да қолдаймыз. Орталық үкіметтің Аджарияда наурыздың 28інде өтетін парламенттік сайлауға қойып отырған демократиялық талаптары Аджария үшін және одан сыртқы аймақ үшін бірдей маңызды, - дейді Адам Ерели.

28 –наурызда болатын парламенттік сайлау алдынан Аджария өте күрделі жағдайға тап болып отыр. Тбилиси әрине Абашидзеге қарсы барлық оппозициялық күштерді салады. Бұл арада Тбилиси соңғы уақиғалар үшін Аджария үкіметін кіналап отыр. - Жексенбі күнгі уақиғаларға орай, біз мына баптар бойынша қылмысты іс қозғадық. Олар : Гүржістанның аумақтық біртұтастығының бұзылуы, әскери тәртіпті бұзу, мемлекеттің заңды әкімшілігіне мойынсынбау. Бұларға себепші -Аджария ішкі істер министрі Джемал Гогитидзе. Бірақ оған қарсы қылмыстық іс қозғау үшін, ол парламент мүшесі болғандықтан, алдымен Парламенттің мақұлдауын алуымыз керек. Сондай-ақ жексенбі күнгі уақиғаларға Аджария қауіпсіздік министрі Сосо Гогитидзе, İшкі істер министрі орынбасары Бакурадзе және Кобулетидегі әкімшілік басшысы Халваши жауапты деп табалап отыр, - дейді Гүржістан бас прокуроры Окруашвили.

Жалпы алғанда, Гүржістан Аджарияның аутономиялық мәртебесіне қарсы емес сықылды, бірақ Аслан Абашидзені биліктен тайдыруға бел буғандай. Ал Саакашвили қаңтар сайлауында сол Аджарияның өзінен 95 пайыз дауыс қолдауын алдым деп сенімді. Аслан Абашидзеге қолдау көрсету үшін Батумиге Мәскеу әкімі Лужков келіп кетті. Және Тбилисиді кіналап та тастады. Ал өткен аптада Ресей сыртқы істер министрлігі Аслан Абашидзені тақтан тайдырмақ деп Гүржістанды қаралаған болатын. Бұл арада, Мәскеу Аджарияға әскери көмек бермекші екен деген сөз де шықты. Бірақ Ресей елшісі оны жоққа шығарып отыр. - Ресейдің әскери қондырғылары Батуми базасында қала береді. Біз Қорғаныс министрі Ивановтан бейтарап саясат ұстанып, Гүржістанның ішкі істеріне араласпау жөнінде нұсқау алдық, - дейді Ресейлік елші.

Ал, Сәрсенбі күні, Гүржістан Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Мерабишвили өз әріптесі Игорь Иванов және Ресей сыртқы істер министрі Лавровпен кесдесу үшін Мәскеуге келді.
XS
SM
MD
LG