Accessibility links

ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезектi жолдауын жариялады


ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына кезектi жолдауы тұрғын үй құрылысы, денсаулық сақтау, бiлiм және әлеуметтiк салаларды қамтиды.

Тұрғын үй саласында болатын өзгерiстер әртүрлi әлеуметтiк топтарға баспана алатындай мүмкiндiк туғызуды көздейдi. Оның бiр жолы -- ипотекалық несие жүйесiн жеңiлдету. Мысалы, несиенi қайтару мерзiмi 10 жылдан 20 жылға ұзартылмақ. Ал бұрын алғашқы жарна пәтердiң /үйдiң/ жалпы құнының 20 пайызы болса, ендi 10 пайызға кемiтiледi. Жылдық несие қайтарымы қазiргi 13 пайыздан 9 пайызға дейiн төмендетiлмек. Мемлекет басшысы мамандардың есебiне сүйене отырып, мынадай мысал келтiрдi; ипотекалық несие алғандар жаңадан салынып жатқан, үш бөлмелi, жалпы аумағы 80 шаршы метр пәтерге 98 мың доллар шығындап келсе, әлгi өзгерiстерден кейiн 52 доллар жұмсайтын болады. Осыған ұқсас жеңiлдiктер «Тұрғын үй жинақтау қорының» салымшыларына да жасалады. Сонымен қатар, жаңадан тұрғызылатын үйлердiң бағасын екi есеге арзандату алға қойылып отыр. Мысалы, үлкен қалаларда салынып жатқан орташа пәтерлердiң әрбiр шаршы метрi орта есеппен 700 доллар боласа, келешекте оны 350 долларға түсiру қарастырылуда. Президенттiң айтуынша, бұған келiспеген құрылыс компаниялары республика-ның құрылыс базарынан шеттетiледi. 2005-2007 жылдар аралығында медициналық 90 мекеме салып, 450 мекеме жөндеуден өткiзiлмек. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау министрлiгiне туберкулез, сусамыр, астма, жүрек-қан тамырлары аурулары секiлдi әлеуметтiк кеселдердiң алдын алу шараларын ұйымдастыруды тапсырды. Тұтастай алғанда, денсаулық сақтау жүйесiн әлемдiк стандарттарға сәйкестендiру бағытында iс-шаралар жоспары жасалатын болады. Нұрсұлтан Назарбаев Үкiметке бiр ай iшiнде денсаулық сақтау саласын реформалау бағдарламасының жобасын аяқтауға тапсырма бердi. Президент жолдауында бiлiм беру саласында да түбегейлi өзгерiстер болатыны айтылды. Мысалы, қазiргi орта мектептер 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне көшiрiледi. Оқушылар соңғы сыныпта Жоғары оқу орындарының 1- курсының бағдарламасын игерiп шығуға тиiс. Сондықтан Жоғарғы оқу орындарындағы оқу мерзiмi бiр жылға кемiп, 4 жыл болады. Мектеп бiтiрушiлердi тестiлiк сынақтан өткiзу жүйесi жетiлдiрiлiп, оны үйлестiрiп отыратын Ұлттық орталық құрылмақ. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерiне мектептердiң материалдық-техникалық базасын жетiлдiруге арналған бағдарламалар қабылдау және 2005 жылы мектептердiң Интернет жүйесiне қосылуын 75 пайызға жеткiзу мықтап тапсырылды. Ал жоғары оқу орындарының заманауи талаптардан қалыс қалғандары жабылады. Мемлекет басшысының сөзiне қарағанда, жекелеген жоғары оқу орындарына айрықша мәртебе берiлiп, олардың ректорларын Президенттiң өзi тағайындап отыратын болады. Әлеуметтiк мәселеге келетiн болсақ, алдағы жылы мүгедектер мен асыраушысынан айрылған отбасыларға баса назар аударылмақ. Әлеуметтiк төлемдер сомасын мүгедектер үшiн 50 пайызға, асыраушысынан айрылғандар үшiн 20 пайызға көтеру жоспарлануда. Ал, кедейлiктiң ең төменгi шегiндегi азаматтардың санын келесi жылы 2003 жылға қарағанда екi есеге азайту көзделiп отыр. ҚР Президентi Н. Назарбаев Қазақстан халқының санын өсiру бағытында да әлеуметтiк шаралар қолға алынатынын мәлiмдедi. Мысалы, келесi жылы оралмандардың мемлекеттiк квотасы 15 мың отбасыны қамтитын болады. Мемлекет басшысының айтуынша, оларды баспанамен қамтамасыз ету алғы кезекте шешiлуге тиiс.
XS
SM
MD
LG