Accessibility links

АҚШ күштері Саддам Хусейн әскерлерін жеңді. Алайда көтерілісшілермен шайқастар одан әрі жалғасуда.


Ирақ соғысының алғашқы апталарында-ақ Саддам Хусейн әскерін жеңгендігі үшін АҚШ әскерлері өткен жылға ризалықпен қарар. Алайда, одан кейінгі қадамдары оңайға соққан емес-, дейді Азаттық радиосының тілшісі Чарльз Рекнейгл.

Ирақ соғысының басталғанына да бір жыл толды. Ол 20-наурыз күні, Aстана уақыты бойынша сағат таңғы 9-дарда АҚШ елбасы Джордж Буштың мынандай сөздерімен басталған болатын: “Саддам Хусейн әскерінің соғысты жүргізуіне мүмкіндік бермеу үшін, әскери маңызды нысаналарды, менің бұйрығым бойынша коалиция күштері шабуылдауды бастады”-, дей келіп, Буш мырза ол қадамдарын кең тұрғыдағы ашық шабуылдар-, деп атаған болатын. Соның дәлелі ретінде Бағдат және басқа да жерлердегі Саддам билігінің байланыс, қауіпсіздік құрылымдарын пәрменді түрде бомбалау басталып кеткен еді. Бағдатқа жауған бомбалар жарылысынан түнгі аспан айқыш-ұйқыш жарықтарға толып кететін. Оның жаңғырықтары қаладан тыс жерлерге де таралып жатушы еді. Мұндай шабуылдарға Саддам билігі көпшілікке мәлімдеме тарату арқылы жауап беріп жатты. Мысалы, сол кездегі Ирақтың Мәскеудегі елшісі Аббас Халаф өз сөзінде былай деген болатын. “Мен американдықтарға дәлелді түрде мынаны мәлімдегім келеді. Бұл соғыс қымбатты янкилер үшін серуендеу бола қоймас. Олар өздерінің жердегі шабуылдарын бірнеше себептерге байланысты бастай алмайды, дегенді айтқым келеді. Ең алдымен, олар бұл соғыстың нағыз қан майдан болатындығын білуі тиіс”-, деген еді Халаф мырза. Алайда, шын мәніне келгенде, Ирақ соғысы Америка әскерилеріне жедел жеңіс әкелген майдан болды-, дейді Азаттық радиосының тілшісі Чарльз Рекнейгл. Көп ұзамай-ақ Саддам күштері өз әскеріне бұйрық беру, бақылау жасау мүмкіндігінен айрылып қалды. Тіпті солдаттар жедел түрде өздерінің әскери киімдерін азаматтық қарапайым киімдермен алмастырып ала қойған болатын. Көкектің 9-ы күні АҚШ әскерлері Бағдатқа кірді. Оның басшылары бас сауғалап, тығылуға көшті. Ал, мамырдың 1-і күні елбасы Буштың негізгі соғыстың аяқталғанын жариялағаны белгілі. Алайда, Ираққа ену мен Саддам билігін құлату қандай оңай болса, елді толық жаулап алу соншалықты қиынға соғуда. 200 мыңнан аса АҚШ және Британия әскерлері шайқастардан кейінгі қадамдарға нашар дайындалған боп шықты. Елде бей-берекеттіктер басталды. Дем арасында мемлекетте орнаған заңсыздықтар талай ирақтықтардың есін тандырды. Коалиция күштері жағдайды қалыпты арнаға келтіруге дайын болмай шықты. Бұл жағдай Саддам Хусейн жақтастарының “бұрынғы билік тұсындағы өмір жақсы болып еді” деген сияқты пікір қалыптастыруына мүмкіндіктер туғызды. Артынша-ақ, олар елде басқыншылыққа қарсы көтерілісті бастап кеткен болатын. АҚШ армиясының 3-ші Дивизиясы басып алу соғысының неге осынша қиындап кеткендігін талдаған екен. Олардың айтуынша, басынан-ақ АҚШ саясаткерлерінің америкалық әскерилерді “азат етушілер”деп жариялауы көптеген офицерлердің азаматтық саладағы бей-берекеттіктерді реттеуде өз-өздерін сенімсіз ұстауларына алып келген екен. Сонымен, қаза болған АҚШ әскерилерінің 75 пайызы “негізгі соғыс аяқталды” деп жарияланған 10 ай ішінде көз жұмған боп шықты.
XS
SM
MD
LG