Accessibility links

Билік басындағы соңғы өзгертулердің себебі неліктен?


Наурыздың 20 күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қостанай облысының әкімі қызметіне Сергей Кулагинді, Астана қаласы әкімі қызметіне Өмірзақ Шүкеевті, Ақмола облысының әкімі қызметіне Мәжит Есенбаевты, сондай-ақ экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Агенттіктің басшысы қызметіне Сарыбай Қалмырзаевты тағайындағаны белгілі.

Билік басындағы соңғы өзгертулер Қазақстандағы саясаттанушылар мен зиялы қауым өкілдерінің арасында түрлі пікір қайшылығын туғыза бастады. Кейбір сарапшылар бұл өзгертулерді алдағы келе жатқан Парламент сайлауымен байланыстыра бастады. «Бүгінгі таңда ресми билік алдағы келе жатқан Парламенттік сайлау дайындығына білек сыбана кірісіп кетті. Сондықтан да ресми билік өз позициясын нығайтуды мықтап қолға ала бастады» деп есептейді саясаттанушы Андрей Чеботарев биліктегі болып жатқан соңғы өзгертулерге байланысты. Андрей Чеботаревтың айтуынша, билік алдағы келе жатқан сайлау науқанынын бақылауға алу үшін түрлі амал қарастырып жатыр. «Осының алдында ғана Президент әкімшілігінің басшысы қызметіне Иманғали Тасмағамбетов, ал сенаттың спикері болып Нұртай Әбіқаевтың тағайындалуы секілді кадрлық өзгерістер, биліктің Парламент сайлауына дайындалып жатқандығын әйгілеп берді. Ал, соңғы өзгертулерді осы үрдістің жалғасы ретінде қабалдауға болады. Сонымен қатар президент, басқарушы элитаның қаншалықты сенімді екендігін де тексергісі келуі ықтимал. Өйткені «Отан» мен президенттің қызы басқаратын «Асар» партиясының арасындағы бәсекелестіктен кейін басқарушы биліктің арасында да келіспеушіліктің бар екендігі байқалып қалды» дейді саясаттанушы Андрей Чеботарев. Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың айтуынша, билік басындағы соңғы өзгертулердің бәрі де 2004 жылдан кейін басталған жылымықтың нәтижесі. Әзімбай Ғали облыс әкімдерін жиі ауыстырып тұру, билік тармақтарының нығаюына ықпал етеді деп пайымдайды. Бұл пікірмен келіспейтін саясаткер Сейдахмет Құттықадам, президенттің облыс әкімдерін жиі ауыстыруы, сол аймақтағы экономикалық жағдайдың жақсаруына үлкен кедергісін келтіріп отыр деп пайымдайды. Ал, жазушы Дінәш Нұрмағамбетов болса, Қостанай облысы әкімі қызметіне басқа ұлт өкілінің тағайындалуы осы аймақтағы қазақ тілінің дамуына кедергісін келтіреді деген көзқараста. Ол, халқының басым көпшілігі орыс ұлтынан тұратын Қостанайға өзге ұлт өкілін апарып қою үлкен қателік деп есептейді.
XS
SM
MD
LG