Accessibility links

Қазақстанда тағы бір саяси партия дүниеге келуі мүмкін


Жаңадан құрылып жатқан «Абырой» әлеуметтік қорғау партиясының жетекшісі, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Уалихан Қайсардың пікірінше, бұл партияның басты мақсаты қоғамдағы әлеуметтік топтарға қолдау көрсeту.

«Қазір зейнеткерлерді алсақ олар жан-жақта, бір-бірлерімен ешқандай байланысы жоқ қоғамдық ұйымдар толып кетті. Олардың басын біріктіретін де ешбір ұйым жоқ. Мүгедектер, көп балалы аналар ұйымы да осындай. Сондықтан осылардың өкілдерін саяси партияға кіргізіп, олардың мұң-мұқтажын, пікірлерін бір жерден шығарып, билікке, парламентке жеткізе білу», – дейді Уалихан Қайсар.

Ал партияның ұстанымы, орталық бағытта болмақ.

Уалихан Қайсар қазіргі «Саяси партиялар туралы» Қазақстан заңына сәйкес, 50 мың қол жинайтындарына сенімді.

Негізінде Қазақстанның әлеуметтік қорғау партиясы өткен жылдың ортасында құрылмақ болып, Парламент Мәжілісінің депутаты Валерий Землянов пен сенатор Уалихан Қайсар бастама көтеріп жүрген-тін. Алайда кейін, Мәжіліс депутаты Валерий Землянов «Асар» партиясына өтіп, Уалихан Қайсар жалғыз қалған. Енді міне біраз уақыт өткеннен кейін, Уалихан Қайсардың өзі «Абырой» партиясын құруға бел байлапты.

Енді аталмыш партияның құрылуына орай Қазақстанның Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин «Партия құру деген оңай емес және өзі жалғыз басқарып, құруды ұйғарып отырған көрінеді. Қазіргі заманда ондай бетбұрыс жасап талпынып жүрген адамдар аз емес, Уалихан Қайсарды солардың біреуі деп есептеймін», – деген көзқарасын білдіреді. Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, 50 мың мүше жинау өте қиын шаруа. Ондай қол жинау үшін, ия «Асар» болу керек, не болмаса өзінің қолдаушылары бар Компартия болу керек. Ал Уалихан Қайсардың өзіне келсек, пікірін ашық жариялап жүрген сенаторлардың бірі, – дейді Компартия жетекшісі.

Ал Демократиялық таңдау қозғалысы саяси кеңесінің төрағасы Төлен Тоқтасынов «Әзірге менің айтатын сөзім жоқ. Себебі кім қолдайды? Әрине жалғыз Уалихан Қайсардың партияны алып кетуі өте қиын болады. Сондықтан біраз уақыт күтейік, ұйымдастыру қорына тағы кімдер кіруі мүмкін, кімдер қолдайды бұл партияны?!», – деген көзқарасын білдіреді.

Әлеуметтік ұйымдар тарапынан, Көп балалы аналардың «Ғибрат» қоғамдық ұйымының төрайымы Нәрпия Мұтабаева «бірінші оның жұмысын көру керек, білу керек. Қандай жұмыстар қолдарынан келіп жатыр, не істеп жатыр? Қандай заңдылықтарды жөндеп жатыр, содан кейін ғана ойланбаса, бірден ести салып, жүгіріп барып, ол партияға кірмеймін», – дейді.

Саясаттанушы, сарапшы Әзімбай Ғалидың ойынша, бүгінде саяси партиялардың қай-қайсының да әлеуметтік бағдарламасы популистік сипатта. Олардың ешқайсы да халықтың жағдайына көңіл қойып отырған жоқ, сондықтан құрылғалы жатқан партия да халықтың сенімінен шықпауы мүмкін дейді. «Қазақстандағы саяси партияларды қаржыландыратын финастық олигархтық топтар. Олар жеке тұлғаларға байланған. Тұғырнамалары айқын емес, бұлыңғыр. Менің ойымша, бұл социалды-демократтық бағыттағы партия болуы мүмкін. Пәлендей көп электорат таппайды»,– дейді Әзімбай Ғали.

Сенатор Уалихан Қайсардың айтуынша, алдағы наурыздың 27- күні Қарағанды қаласында «Абырой» әлеуметтік партиясының құрылтай сьезі өтеді.
XS
SM
MD
LG