Accessibility links

АҚШ-тың бастауындағы коалиция қолынан билік тізгінінің ирақтықтар қолына өтуіне 100 күннен де аз уақыт қалды.


АҚШ-тың бастауындағы коалиция қолынан билік тізгінінің ирақтықтарға өтуіне 100 күннен де аз уақыт қалды. Осыған орай оларға көмек көрсету мақсатында БҰҰ-ның арнайы өкілдері Ираққа келмекші. Алайда шии мұсылмандары рухани басшысының өтпелі кезеңдегі Ата заңға қарсы тұруы БҰҰ делегациясы үшін біраз қиындықтар әкелуде.

БҰҰ-ның арнайы өкілі Лахдар Брахими Ираққа мүмкіндігінше тез арада келмекші. Ал өткен аптада Брахими мырзаға шии мұсылмандарының көсемі Аятолла Әли әл-Систани арнайы хат жолдаған болатын. Онда Систани мырза аралық кезеңге арналған Ата заңды қолдамауға шақырып отыр. Оның себебін рухани көсем бұл құжат Ирақтағы түрлі діни және басқа да қауымдастық арасына жік салады, деп түсіндіруде. Сондай-ақ осы хатта өтпелі өкіметті құру жөніндегі үш айлық, аралық жоспарға елдегі фракциялар келісе қоймас, деген күман да айтылған. Хабарларға қарағанда, Брахими мырза бұл хатқа жауап бере қоймас. Алайда, елге келгеннен кейін Ирақтағы барлық қауымдастық өкілдерімен бірдей пікірлесуге ұмтылатын болады. Өтпелі өкімет жоспарының қабылдануына көмектеседі және Ирақ егемендігі тізгінінің тапсырылуының іркіліссіз жүргізілуіне септігін тигізеді, деген оймен АҚШ ресми өкілдері Брахими мырзаның Ираққа қайта келуіне барынша ділгір болып отыр. Брахими мырзаның осы сапарына қолдау көрсету мақсатында БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі сәрсенбі күні мәлімдеме қабылдауда. Құрама Штаттарының БҰҰ-дағы елшісі Джон Негропонтьенің айтуынша, ол мәлімдемеде аралық Ата заң жөнінде ешнәрсе айтылмайтын сыңайлы.

“Брахими мырзаның жұмысы одан әрі жалғаса береді деп ойлаймын. Осы іске жауапкершілікті оның өзіне, мүмкіндігінше тез арада алғаны аса маңызды деп білеміз. Ирақтың түрлі тұлғалары мен азаматтарының қарым-қатынасына орай біз әліптің артын бағып, күтуіміз керек. İс алға жылжуда. Сағат тілі тоқтаусыз соғуда, 30-шы маусым да тез-ақ келіп қалар”-, деді Негропонтье мырза. БҰҰ-ның өкілдері Ирақтағы түрлі фракциялардың арман-мақсаттарын өзара тоғыстыруға, келістіруге барынша тырыспақшы. Мысалы, Күрдтер елдің солтүстігінде мейлінше кең тұрғыдағы автономияға ие болуға ұмтылулы. Ал, шии қауымдастығы болса, өкімет билігінде мейлінше көп орынды иеленуді көздеуде. Сүнні мұсылмандарына келер болсақ, олар “Саддам Хусейн биліктен кетірілгеннен кейін ел билігіне көп араласамайтын болдық”, деп уайым айтуда. Осы қиын түйіндердің тігісін жатқызуға көмектесе алса, онда Брахими мырзаның басты міндетінің орындалғаны. Сол сапарынан кейін жасаған баяндамасында Брахими мырза Ирақта шын мәніндегі сайлауларды өткізу үшін кемінде тоғыз ай керек болады, деген еді. Ол баяндамада аралық жоспар жөнінде ешнәрсе айтылмаған болатын. Сарапшылардың айтуынша, бұл жолғы сапарында Брахими мырза нұсқау беру емес, негізінен сұхбаттастарын мейлінше мұқият тыңдауға тырысатын болады. Әрине, қауіпсіздік мәселесі Ирақтағы ең басты сауал күйінде қала бермекші.
XS
SM
MD
LG