Accessibility links

Заманбек Нұрқаділов Қазақстанның бас министрі Даниал Ахметов, Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің төрағасы Нұрахмет Бижановпен және «Хабар» агенттігімен соттаса бастады


Наурыздың 25 күні Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің бұрынғы төрағасы Заманбек Нұрқаділов өзінің ар-ожданын қорғау үшін сотқа шағымданды. Заманбек Нұрқаділовтың бұл арызын адвокаты Серік Сәрсенов Алматы қаласы Медеу аудандық сотына тапсырды.

Заманбек Нұрқаділовтың құқық қорғаушысы Серік Сәрсеновтың айтуынша, арызды қабылдайтын соттың қызметкерлері алғашында арызды оқып алып, Даниал Ахметовтың есімін көргенде, аудандық сот жетекшісінің рұхсатысыз бұл құжатты алмаймыз деген. Сол себептен Заманбек Нұрқаділовтың құқыққорғаушысы Серік Сәрсенов аудандық сот төрағасының қызметін атқарушы Владимир Зубковты күтіп, бір сағаттай уақытын жоғалтып алған. Қалай болғанымен, Серік Сәрсенов «Азаттық» радиосына берген сұхбатында арызды сотқа тапсырғанын жеткізді. Бұл шағым арыз бойынша, Заманбек Нұрқаділов Қазақстанның премьер-министрі Даниал Ахметовтен 777 миллион тенге, «Хабар» агенттігінен 666 миллион, Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің төрағасы Нұрахмет Бижановтан 111 миллион тенге талап етпек. Мәселенің мән-жәйына тоқталып кетсек, наурыздың 11-де Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің төрағасы Заманбек Нұрқаділов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен кетсін, деп мәлімдеме жасаған болатын. Осы мәлімдемеден екі күннен соң Қазақстанның бас министрі Даниал Ахметов Алматыға келіп, Заманбек Нұрқаділовты қызметінен босатты. Қазақстанның премьер-министрі Даниал Ахметов Заманбек Нұрқаділов өз қызметін дұрыс атқара алмады, деген болатын. Ал Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің қазіргі жетекшісі Нұрахмет Бижанов Заманбек Нұрқаділов ішімдікке салынып, жұмысқа дұрыс келмей кетті дегенді айтты. Бұл айтылған сөздердің барлығын «Хабар» агенттігі әуеге шығарған. Енді Заманбек Нұрқаділов аты аталған азаматтарды және «Хабар» агенттігін заңды түрде жауапқа тартуды көздеп отыр. Бұл орайда біз наурыздың 25 күні Қазақстанның премьер- министрі Даниал Ахметовтың және Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің төрағасы Нұрахмет Бижановтың соңғы оқиғаға байланысты пікірін білуге тырыстық. Бірақ бас министрдің баспасөз хатшысы Мұрат Бүлтекбаев Заманбек Нұрқаділовтың Даниал Ахметовпен соттасамын деген мәлімдемесін «Азаттық» радиосынан алғаш рет естіп тұрғанын айтты. Ал Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктік баспасөз хатшысы Қайжан Төрежанұлы демалыста жүргенін айтып, сұрақтан бас тартты.
XS
SM
MD
LG