Accessibility links

Серікболсын Әбділдин: Жақияновқа қарсы арандату әрекеттері жасалуда


Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, Компартияның бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин жақында Құсмұрындағы абақтыға барып, Ғалымжан Жақияновпен кездесіп келген. Оның айтуынша, Ғалымжан Жақияновқа түрмеде отырған адамдар арқылы арандату әрекеттерін жүргізіп жатыр.

Ғалымжан Жақиянов өткен жылдың жаз айында Қазақстан Президентіне рақымшылық жасау туралы өтініш жазған кезде, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жақияновтың үстінен тағы да үш бірдей қылмыстық іс қозғағандығын мәлімдеген-ді. Осы жайдың барысын анқытау үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, тергеу ісі аяқталмайынша, ешқандай мәлімет бермейтіндіктерін айтты.

Мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдин, сонымен қатар, Орталық Сайлау Комиссиясының күні бүгінге дейін Мәжіліс депутаты Борис Сорокинге қатысты депутаттық сауалына байланысты, түрлі құжаттарды қайтара сұрап, кешеуілдетіп жатқандығын айтады.

Осы жайды анықтау үшін Орталық Сайлау Комиссиясы төрайымының орынбасары Қуандық Тұрғанқұловқа хабарласқанымызда, ол Серікболсын Әбділдиннің тиісті біз сұрап отырған құжаттарды күні кеше ғана алып келгендігін. Сол бойынша құжаттарды қарап жатырмыз, апта соңында құжаттардың барлығын қарап шығамыз, сосын шешімін айтамыз,– дейді.

Мәжіліс депутаты Борис Сорокин Парламентке Компартияның тізімімен сайланған болатын. Алайда, Коммунистер партиясының Алматыда ақпан айында өткен пленумында Компартия жетекшісі Серікболсын Әбділдин партияға іріткі салмақ болды деп, Сорокинді партия қатарынан шығарғандығын мәлімдеген. Осыдан кейін Әбділдин Орталық Сайлау Комиссиясына партия тізімімен өткен Сорокинді депутаттық мандатынан алу жөнінде сауал жолдаған. Алайда мәжіліс депутаты Борис Сорокинге хабарласқанымызда, ол өзін партиядан шықтым деп есептемейтіндігін айтады. Өйткені мен ешқандай да арыз жазғам жоқ, – дейді. Одан кейін ол мені халық сайлады дейді. Сонымен қатар Борис Сорокиннің айтуынша, наурыздың 15-күні Компартияның қалалық комитеті Серікболсын Әбділдиннің өзін партиядан шығарып тастағандығын, сосын Орталық сайлау Комиссиясы Серікболсын Әбділдиннің өзіне мін тағып отырғандығын айтады.

Мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, Президент әкімшілігінен келіп түскен биресми мәліметтер бойынша көкектің ортасында Компарияның тіркеуден өткендігі жөніндегі құжаттарын кейін қайтармақшы.
XS
SM
MD
LG