Accessibility links

Жаңа кен орындарын пайдалануға рұқсатты Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі беретін болады


Қазақстанда жаңа кен орындарын пайдалануға рұқсатты Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі беретін болады. Ол жайында "Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану және мұнай операцияларын жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында көзделіпті. Бұл туралы көкектің 1-і күні Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрінің бірінші орынбасары Бақтықожа Ізмұхамбетов мәлім етті.

Оның айтуынша, тиімділігі төмен кен орындарына байланысты заң жобасында өзгерістер қамтылған. «Бұрын тендерге бір ғана ұсыныс келген жағдайда тендер өтті деп жарияланбайтын. Енді жаңа заң жобасы бойынша бір ғана ұсыныс болса да қабылданады», -дейді ол. Ол бұрын жасалған келісім шарттардың қайта қаралуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. «Егер мемлекеттік қауіпсіздікке әсері болатын болса, ол мәселелер кері қаралуға тиіс. Ол барлық келісім-шарттарда қаралған» дейді. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Грегорий Марченконың айтуынша, 1990 –шы жылдардың басында және ортасында жасалған келісім-шарттар көп жағдайда мұнай-газ компанияларының пайдасына жасалыпты. «Жаңа келісім –шартар үшін жаңа тәртіп болады, ал жұмыс жасап жатқан келісім-шарттарды қайта қарау жайында сөз жоқ» дейді ол. Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің жер қойнауы департаменті директорының орынбасары Айгүл Үшкемпірованың айтуынша, жер қойнауын игеру саласында 571 келісім-шарт бар. Үшкемпірова ханымның айтуына қарағанда жер қойнауын игеруде көмір сутегі секторы шетелдік инвесторларға аса тартымды болып отыр.Онда шетелдік инвесторлардың үлесі айтарлықтай. Ал, алтын өндіру және басқа көптеген кеніштерде отандық инвесторлар көбірек дейді. Парламент Сенатының депутаты Абылхан Машанидің айтуынша, жыл басында енгізілген жаңа салық жүйесінде жер қойнауын пайдаланушы инвесторлар үшін салық жағдайы қатайтылған. «Оған инвесторлар үреймен қарап отыр. Заңның қабылданғанына көп болған жоқ. Дегенмен жаңа жағдаймен келісім-шарттар жасалды дегенді естіген жоқпын. Сондықтан менде инвесторлар басқа елдерге, жеңілдеу жақтарға ауысып кетпей ме деген қорқыныш бар» дейді ол. Аталған заң жобасы Сенаттың толықтыруларымен Мәжіліске қайтарылды.
XS
SM
MD
LG