Accessibility links

Ирақтың Әл-Фаллуджа қаласындағы ахуал


Ирақтың Әл-Фаллуджа қаласында бас көтерген қарулы сүнни жасақтары мен АҚШ әскерінің арасында өткен 1 апта бойы жалғасқан шайқастан кейін, жексенбіден бері қарай атыс тоқтап, айтарлықтай тыныштық орнады. Бір жағынан, Ирақтағы Басқару кеңесінің кейбір мүшесі Әл-Фаллуджаның бейбіт халқының арасына АҚШ әскерінің қырғын салуына назарылық ділдіріп жатса, екінші жағынан - қазір АҚШ бастаған коалициялық күштер мен қарулы сүнни жасақтарының арасында бейбіт келіссөз өтіп жатыр. Бірақ келіссөздің қандай нәтижемен аяқталатыны беймәлім.

Ирақтағы АҚШ әскерінің бас қолбасшысы генерал Рикардо Санчестің айтуынша, Әл-Фаллуджадағы қарулы сүнни жасақтарымен арадағы келіссөз әрі қарай жалғасып жатыр, бірақ одан айтарлықтай нәтиже жоқ. Дәл осындай келіссөз шийлердің әсірешіл көсемі Мұқтад Ас-Садрдың қарулы жасақтары бақылау орнатқан Ән-Наджаф қаласында да өтуде. Соңғы дерекке қарағанда, ұстамды көзқарастағы ший көсемдерімен келіссөзінен кейін Ас-Садр өз жасақтары басып алған полиция кеңселері мен ғимараттарды босатуға бұйрық берген. Алайда, Ирақтағы Басқару кеңесінің кейбір мүшесі Әл-Фаллуджаның бейбіт тұрғындарының арасындағы АҚШ әскерінің қырғын салуына наразылық білдіруде. Олардың пікірінше, америкалық 4 маманның өлімі мен қырылған бейбіт халықтың саны пара-пар емес және АҚШ әскері бейбіт халық пен қарулы жасақтарды ажыратпай, жөн-жосықсыз соққы беріп жатыр. Жергілікті дәрігерлердің мәліметі бойынша, қаланы қоршауға алған 1 апталық шайқаста бейбіт халықты қоса алғанда, шамамен 600-ге жуық адам оққа ұшса, 2 мыңға жуық адам жараланды. Коалициялық күштердің қатарындағы адам шығыны 70-ке жақын. Әл-Фаллуджа қаласында жұмыс істеп жүрген дәрігер Бассам Абдиль Қадырдың айтуынша, қаза болғандар мен жараланғандардың дәл санын айту қиын. Бірақ ол АҚШ әскерінің қалаға жөн-жосықсыз соққы беріп жатқанын растап отыр. А.Қ.: АҚШ әскерлерінің азаматтық баспана-ғимараттарды жөн-жосықсыз бомбалауының салдарынан қаза болғандардың санын анықтау қиын. Жөн-жосықсыз зеңберіктен атқылаудың салдарынан қаза болғандардың ішінде балалар мен қарттар да бар. Ирақтағы АҚШ әскерінің өкілі генерал Рикардо Санчес ондай айыптарды табанды түрде жоққа шығарады. Мысалға ол: “Біз Әл-Фаллуджаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шабуыл жасап, кескілескен қарсылыққа тап болдық. Біз қарсылық көрсетілген жерлерге дәл соққы бердік, -деп ақталды. Тағы да бір АҚШ генералы Марк Киммиттің мәлімдеуінше, қаладағы көтерілісшілер бейбіт тұрғындарды “тірі қалқан” етіп пайдаланып, АҚШ әскеріне мектептердің, мешіттердің және ауруханалардың ғимаратарынан соққы берген. АҚШ-тың әскери өкілдерінің мәлімдеуінше, АҚШ жауынгерлері халықаралық құқықтарды басшылыққа алып, бейбіт халыққа оқ атпайды, ал қанша бейбіт халықтың қырылғанын анықтау қиын. Дегенмен де, Әл-Фаллуджадағы АҚШ әскерінің іс-қимылына ең алдымен Ирақтағы Басқару кеңесінің АҚШ тағайындаған мүшелері наразы болуда. Атап айтқанда, өткен аптада Басқару кеңесі елдегі, оның ішінде нақты Әл-Фаллуджадағы шайқасты саяси жолмен үйлестіруге шақырған арнайы мәлімдеме жасады. Басқару кеңесінің сүннит-мүшесі Гази Ал-Йавир Әл-Фаллуджадағы жанжал бейбіт жолмен шешілмесе, Басқару кеңесінің қатарынан шығатынын ескертті. Кеңестің тағы бірқатар мүшесі Басқару кеңесіндегі мүшеліктен не кететінін, мүшелігін не уақытша тоқтататынын мәлімдеді. “Азаттық”-қа берген сұхбатында Басқару кеңесінің тәуелсіз күрд мүшесі Махмуд Отман АҚШ әскері Әл-Фаллуджада шексіз күш қолданып жатыр, -деп мәлімдеді. М.О.: “Лаңкестікке қарсы АҚШ әскерінің күш қолданғанын мен де қолдаймын. Бірақ 300 мың халқы бар қалаға осыншама күшпен жөн-жосықсыз соққы берудің салдарынан сансыз адам қаза болып, жарақаттанды, қаншама баспана қирады. Мұны қолдауға болмайды. Бұл заңсыз!” М.Отманның пікірінше, АҚШ әскері жау қайда, бейбіт халық қайда деп ажыратпай бүкіл қалаға соққы беруде. Мұқтад Ас-Садрдың жасақтары бейбіт халықтың, тұрғындардың арасында араласып бірге жүр. АҚШ әскері соларға бірге соққы беріп жатыр. Әйтсе де АҚШ бастаған коалиция күштері Ирақтың Басқару кеңесі мүшелерінің алдынан кесе-көлденең шыққан осындай проблемаға түсіністікпен қарайтындарын білдіруде. Әсіресе, АҚШ өкілдері Басқару кеңесі мүшелерінің Әл-Фаллуджадағы шайқастың салдарынан қоғамдық қысымға тап болғанын мойындайды да түсінеді. Бүгін, сондай-ақ, соңғы хабарға қарағанда, Бағдадтың орталығында қуатты 2 жарылыс болды. Оны көргендердің хабарлауынша, не зымырандар, не миналар Бағдадтағы АҚШ әкімшілігінің штаб-пәтеріне тиіп жарылған. Қаза болғандар жайында әзірше ешқандай ақпар жоқ. Әл-Фаллуджа мен Ән-Наджаф қалаларындағы осы келіссөздермен қарама-қатар жергілікті экстремистер Ирақтағы АҚШ бастаған коалициялық күштерге тасадан соққы берумен қатар, осында түрлі мақсатпен жүрген шетелдік бейбіт маман иелерін байлап алып кетуін әрі қарай жалғастыруда.
XS
SM
MD
LG