Accessibility links

Мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаев: Мемлекеттік телеарналар Қазақстан азаматтарының еркін ақпарат алуға құқылы деген Конституциялық мүмкіндігін шектеп отыр.


Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауыл партиясы фракциясының мүшесі Серікбай Әлібаевтың айтуынша, көкектің 10-күні Алматыда бұрынғы Павлодар облысының әкімі, Демократиялық таңдау қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі Ғалымжан Жақияновты түрмеден босату жөнінде өткен шеруге бес мыңға жуық адам қатысқан. Оның ішінде Қазақстанға еңбегі сіңген танымал тұлғалар, ардагерлер, қоғам қайраткерлері, академиктер және Павлодар, Шығыс Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысынан да адамдар арнайы шеруге қатысу үшін келген. Серікбай Әлібаев электронды ақпарат құралдары ішінен «Хабар» телеарнасының операторлары шеруге келіп, бастан-аяқ түсіргендігін айтады. Бірақ олар шеру жайында бірде-бір хабар көрсетпеген. «Біздің елде күнде осындай саяси оқиға болып жатқан жоқ. Оның үстіне саяси тұтқынға алынған Жақиянов туралы бірінші үлкен шеру болды», – дейді Серікбай Әлібаев. Мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаевтың ойынша, ақпарат құралдарына биліктен арнайы тапсырма берілген. «Тәуелсіз телеканалдардың өздері бере алмағаны олар алаңдайды. Біздің басымдық қалай болатынын білесіздер. Сондықтан менің ойымша билік жағынан рұқсат берілмеген».



Осыдан кейін «Хабар» телеарнасының ақпараттар бөлімінің басшысы Жайна Сламбекқызына хабарласқанымызда, ол сол күні «Хабар» телеарнасының операторлары шеруге барғандығын жасырмады. Бірақ сол күні камера сынып қалып, видео материал сапасыз болып шықты, – дейді Жайна Сламбекқызы.



Бүгінде Қазақстандағы телеарналар шынайы ақпарат беріп жүр ме деген сауалға Мәжіліс депутаты Қайрат Шалабаев былайша жауап қайтарды: «Бәрін жасырады деп айтуға болмас, шындықты да түгел айтпайды. Мәселен Алматыда бес мыңға жуық адам жиналған демонстрация болды. Оны қалай болған да айту керек еді. Қысқаша айтсын, бермегеннің өзі қиын жағдайды көрсетіп тұр».



Ал Мәжіліс депутаты Әбдіжәлел Бәкірдің ойынша: «Обьективті хабар таратады деп мен телеарналардың бәрін айта алмаймын. Қанша дегенмен де сол телеарналардың меншік иелерінің жағдайына қарайтын дүние. Кейде мына мәжілісте сөйлеп жатқан депутаттардың да сөздерін түгелдей хабарлап, айтып жататыны шамалы».



«Алтын орда» республикалық тәуелсіз газетінің журналисі Разиға Әшиеваның пікірінше: «Теледидарлардың барлығының да артында өздерінің қожайындары бар. Сондықтан да ол обьективті түрде ақпарат таратады деп ойламаймын. Егер қожайынның ойында Қостанайдың әкімін сынау керек боп тұр. Оған біреудің берген тапсырмасы бар шығар. Орнынан түсіру керек шығар. Бір ай бойы бүкіл сол облыстың боғын ақтарады».



Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Серікбай Әлібаев елдегі телеарналардың Қазақстан азаматтарының еркін ақпарат алуға құқылы деген Констиуциялық мүмкіндігін шектеп отыр деп, Ақпарат министрі Сауытбек Әбдрахмановты таяу арада депутаттардың алдында жауап беруін сұрады.
XS
SM
MD
LG