Accessibility links

Қазақстан Ауғаныстанды қалпына келтiруге белсене атсалыспақ


Көкектiң 15-i күнi Ауғанстан Өтпелi Ислам мемлекетiнiң Президентi Хамид Қарзай Астанаға ресми сапармен келдi. Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев пен Хамид Қарзайдың екеуара кездесуi және делегациялардың кеңейтiлген келiссөдерiнен кейiн екi құжатқа қол қойылды.

Олардың бiрi -- Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы өзара қатынастар мен ынтымақтастықтың негiздерi жөнiндегi шарт. Бұдан былай екi жақты ынтымақтастық арқауы осы шартқа негiзделетiн болады. Екiншiсi – Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда – экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiм.

Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы дипломатиялық байланыс 1992 жылдан бастау алады. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, мемлекетаралық қарым-қатынас дамымай қалған. Дегенмен, кейiнгi жылдарда аз да болса алға басушылық байқалады. Мысалы, сауда айналымы былтыр 2002 жылға қарағанда 57 пайызға өсiп, 50 миллион АҚШ долларына жуықтаған. Оның денi Қазақстаннан шығарылатын экспорттық тауарлардан, атап айтқанда, бидай, ұн, жанар-жағар май, ағаш және металл өнiмдерiнен тұрады.

Қазақстан Ауғанстанды қалпына келтiру шараларына мүмкiндiгiнше атсалысатынын мәлiмдеп отыр. 2002 жылы Ауғаныстанға гуманитарлық көмек ретiнде 3 мың тонна бидай жөнелтiлген - дi. Президент Назарбаев ауған халқының мұқтаждықтарына Қазақстанның алдағы уақытта да қолдан келгенше қарайласып отыратынын, ал жоғарыда аталған екi құжаттың бұдан былайға мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға бастау болатынын айтып өттi.

Келiссөздер барысында Ауғаныстанды қалпына келтiру iсiне бизнес, құрылыс, геология және медицина салалары бойынша қазақстандық мамандарды қатыстыру мәселесi де талқыланған. Хамид Қарзай қазақстандықтардың бұл ниетiн қуана құптайтынын және Ауғаныстандағы жағдайдың тұрақтала бастауы бұған мүмкiндiк туғызатынын айта келiп; « Бiз қазақстандықтарды «Қош келдiңiздер!» деп қарсы алуға әзiрмiз»,-- дедi. Ол өз кезегiмде аймақтағы саяси тұрақтылықтылықтың сақталуы үшiн халықаралық терроризммен және есiрткi тасымалымен ымырасыз күресуге, сондай-ақ, екi жақты сауда-экономикалық қатынастардың дамуы мен транзиттiк мүмкiндiктердiң тиiмдi пайдаланылуы жолында еңбек етуге уәде бердi. Ал Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Ауғаныстан арқылы оңтүстiк аймақтарға шығуға, бұл бағытта, ауған елiнiң транзиттiк мүмкiндiктерiн пайдалануға мүдделi болып отырғанын мәлiмдедi.
XS
SM
MD
LG