Accessibility links

Заманбек Нұрқаділов “Азаттық” радиосы арқылы тағы бір жаңа саяси мәлімдеме жасады.


Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің бұрынғы төрағасы Заманбек Нұрқаділов дүйсенбі күні «Азаттық» радиосымен байланысып, оппозициялық бағыттағы басылымдар арқылы мемлекет басшысының атына мәлімдеме жасағалы отырғандығын хабарлады. Заманбек Нұрқаділовтың айтуынша, Америка Құрама Штатында өтетін сот процесіне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та шақырылып отырғандықтан, ол Конституцияның кепілі ретінде 1 мамыр күні алаңға жиналған халықтың алдында осы оқиғаның түйіні шешілгенше уақытша отставкаға кетуі тиіс.

Заманбек Нұрқаділов, Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің бұрынғы төрағасы.

- Алматы халқы 1 мамыр күні алаңға шығады ғой. Сол жерге мен Назарбаевты шақырып отырмын. Назарбаев келіп, трибунадан шықсын да, «Айналайын халқым, мен кінәлімін, мен кетемін, не болмаса, мен кінәлі емеспін, мен уақытша кетейін де, осы іс біткенше мен президент болмайын» деуі керек. Соттың болатыны анық болып тұр ғой.

14 майда Джеймс Гиффеннің ісі бойынша Америка Құрама Штатында сот ісі болады емес пе. Сол сотта мемлекет басшысы, өзіне тағылған кінәні президент ретінде қорғамауы керек, жәй азамат ретінде ғана қорғауы тиіс. Америка соты біздің президентті соттамауы керек. Себебі, біздің президентіміз халықтың ары мен намысы болып саналады. Егер интернетті қарасаңыз онда тура жазылған.

«КО-1» - Нұрлан Балғымбаев және «КО-2» Н.Назарбаев Американың азаматы Джеймс Гиффеннен пара алған деп. Н.Назарбаевтың «Орел» және «Беркут» деген екі есеп-шоты болған екен. Соған «пара ретінде алынған пәленше ақша құйылды» деп кінәлап жатыр. Сондықтан да ол куәгер емес, айыпталушы болып отыр ғой.

Кейбір сарапшылар, Заманбек Нұрқаділов соңғы кездері өзінің саяси мәлімдемелерінің маңызын күшейте бастады дегенді айтып отыр. Алайда «Отандастар» партиясының тең төрағасы Жақсыбай Бәзілбаев «Заманбек Нұрқаділовтың айтқан сөздеріне сенуге болмайды» дейді. Ж.Бәзілбаев, «Қазақгейт» атты істі Батыс елдері Қазақстанды қорқыту және оның басшылығының беделін түсіру үшін ойлап тауып отыр деп есептейді.

Жалпы, соңғы кездері жиі тілге тиек етіліп жүрген Америка Құрама Штатында өтуге тиіс «Қазақгейт» атты сот процесі туралы, Қазақстандағы ресми басылымдар әлі күнге шейін не дұрыс, не бұрыс деген сыңайдағы ақпарат берген емес. Ал, оппозициялық бағыттағы басылымдар соңғы жылдың ішінде осы тақырып туралы жиі айта бастады. Сонымен қатар бұл жөнінде Батыстың кейбір басылымдары мен агенттіктері де түрлі ақпарат таратып жүр.

Өткен аптаның соңында батыстың «Блумберг» ақпарат агенттігі «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен экс-премьер Нұрлан Балғымбаев Американың мұнай компанияларынан 78 миллион доллардан астам пара алды» деген сыңайдағы ақпарат таратты. «Блумберг» агенттігінің айтуынша, сотқа дайындаған федералдық прокуратураның құжаттарында осындай мәлімет бар. Саясаттанушы Андрей Чеботарев, егер де Америка Құрама Штатының соты, мемлекет басшысының қылмысқа қатысы бар екендігі туралы деректердің көзін ашса, Қазақстанның халықаралық беделіне үлкен нұқсан келеді деп есептейді.

«Осы соттан кейін қандай да бір іс-қимылдардың болатынын бағамдау қиын. Өйткені, демократиясы аса дамымаған азиаттық мемлекеттер бұған аса көңіл бөлмеуі де мүмкін, ал өркениетті Батыс елдері осы соттан кейін Қазақстанмен қарым-қатынасын абайлап жасайтын болады» дейді саясаттанушы Андрей Чеботарев.

А.Чеботаревтың пікірінше Заманбек Нұрқаділов ұзақ уақыт бойы саяси алаңнан ысырылып қалғаннан кейін, бүгінгі таңда оппозицияның арқасында сол алаңға қайта шығып, бедел жинауды көздеп отыр.
XS
SM
MD
LG