Accessibility links

Е. Әбiлқасымов: Әрбiр отбасына бiр-бiр партия мүшесiнен деген ұран жүзеге асырылғалы тұр


Қазақстанда саяси партиялар туралы заң қабылданғаннан кейiн көп ұзамай 9 партияның тiркелуi әрқилы пiкiр тудырған болатын. Мысалы, саясаткер Балташ Тұрсынбаевтың сөзiмен айтқанда; «Тiркелу кезiнде 50 миллион жинаған партиялар қайтадан тексерiлсе, олардың мүшелерi он бес мыңға да жетпеуi мүмкiн. Айталық, батыс елдерiндегi партиялардың мүшелерiнiң саны 10 мыңнан 25 мыңға дейiнгi өзгермелi үрдiсте болады. Орта есппен алғанда 15 мыңнан аспайды. Ал 50 мыңдық меже деген қисынға келмейдi. Ертең тағы бiрнеше партия құрылса Қазақстандағы 4 миллион ересек халқтың бiр миллионы партиялардың мүшесi болып шығады. Бұл дүниежүзi алдында күлкiге қалдыратын жайт».

Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәлiметтерге сүйенсек, саяси партиялардағы қазақстандықтардың саны 1 миллионнан асып та кетiптi. Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Ерасыл Әбiлқасымовтың есебiнше, олар Қазақстан халқының 15 пайызына, яғни, 1 миллион 300 мыңға жеткен. Әбiлқасымов мырза Қазақстанның Бас прокуроры Рашид Түсiпбековке және әдiлет министрi Оңалсын Жұмабековке жолдаған сауалында осының ақиқатын ашуды сұрайды. Ол: «Таяу келешекте тағы 3-4 партия тiркеледi. Сонда, жалпы алғанда, халқтың 20 - 25 пайызы саяси партияларға қамтылған болып шығады. Яғни, «әрбiр отбасына бiр-бiр партия мүшесiнен» деген ұран жүзеге асырылғалы тұр», -- дейдi.

Әбiлқасымов 50 мыңдық меже тұрғанда, Қазақстанда әрi кеткенде небәрi бес- алты партия құруға мүмкiндiк бар деп санайды. Ал депутат Серiкбай Әлiбаев: «Ерасыл Әбiлқасымовтың артында арнаулы қызмет органдары тұрғанға ұқсайды. Бұл арада басқа партияларды да тексерген болып, коммунистiк партияны сайлауға жеткiзбеу көзделген секiлдi. Дегенмен, Әбiлқасымовтың партия мүшелерiнiң санына күмән келтiрiп отырғаны орынды.

Коммунистiк партиядан басқаларының 50 мың мүшесi бар дегенге сену қиын. Билiк тарапынан құрылған партияларға мұғалiмдердiң, дәрiгерлердiң, мемлекеттiк мекемелердегi қызметкерлердiң, студенттердiң әкiмшiлiктiң пәрменiмен топ-тобымен ерiксiз қабылданатынын ешкiм де жоққа шығара алмайды», -- дейдi.

Бiр партиядан екiншi партияға, мысалы, «Отаннан» «Асарға» ауысып жатқандар бар, олар бiрнеше партияның тiзiмiнде жүр деген пiкiрлер де айтылып қалады. Кезiнде коммунистiк партияда болып, кейiннен «Асарға» ауысқан депутат Валерьян Земляновтың пiкiрiнше, мұны жоққа шығаруға болмайды, бiрақ, ондайлар сирек болса да кездеседi. Партиялардың мәлiметтерiне қарағанда, мүшелерiнiң көптiгi жағынан алда тұрғандары -- «Отан» мен «Асар». Алдыңғысында 312 мың, соңғысында 177 мың мүше бар. Олардан кейiнгi орындардағы Азаматтық партияда 160 мың, «Ақжолда» 147 мың. Ал 70 мың мүшесi бар Коммунистiк партия соңғы орында.
XS
SM
MD
LG