Accessibility links

Қазақстанның Демократиялық таңдауы партиясы қол жинауда заңсыз әрекеттерге барды ма?


Қазақстанның мемлекеттік ұлттық телеарнасы осыдан бірер күн бұрын Атырау облыстық прокуратурасының құрылып жатқан Қазақстанның демократиялық таңдауы партиясы қол жинау барысында заң бұзушылық әрекеттерге барған, онда о дүиеге аттанып кеткен адамдардың аты-жөндерін, мектеп оқушыларын да партияға мүшелікке тартқан деген мәлімдемесін таратты. Осыдан кейін іле-шала Қазақстанның демократиялық таңдауы партиясының заң бұзушылық әрекеттері Маңғыстау облысында да көрініс тауып отыр деп хабарлады.

Қазақстан ұлттық арнасы таратып отырған ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізу үшін Маңғыстау облыстық прокуратурасына қоңырау шалдық. Ондағы Облыстық прокуратура қызметкері Тойжан Маратов құрылғалы жатқан Қазақстанның демократиялық таңдауы партиясы бойынша тексеру жүргізіліп жатқандығын растағанымен нақты мәлімет бере алмады.

Осыдан кейін әділет министрлігінің тіркеу комитетіне хабарласқанымызда, комитет төрағасының орынбасары Талғат Манаев тіркеу құжаттарын тапсырған Қазақстанның демократиялық таңдауы партиясына қатысты бір-екі арыз хат түскендігін, оны бас прокуратураға жібергендігін айтты. Ал Бас прокуратураның баспасөз қызметкері Сәулебек Жамкенов «саяси ұйымдардың заңдылығын қадағалайтын департамент басшысынан анықтадық, олар тіркеу комитетінен ешқандай арыз келіп-түспегендігін мәлімдеді» дегенді айтты.

Қазақстанның демократиялық таңдауы партиясын ұйымдастырушылардың бірі Батырхан Дәрімбет осы жайттарға байланысты тяуда ғана өзінің батыс өңіріне барып келгендігін айтты. «Маңғыстау облысына барғандағы мақсат, ондағы біздің мүшелерімізді қорқытып, үркітіп партиядан шығаруға мәжбүрлеп жатыр екен. Мен Құрық елді мекенінде, Жаңаөзен қаласында, Ақшұқыр ауылында болдым. Соның бәрінде де бір көрініс. Осыдан он-он бес күн бұрын әкімшіліктің адамдары келіп, сендер бұл партияға неге кіресіңдер, бұл Президент Н.Назарбаевқа қарсы партия. Ертең халық жауы болып барлығың қудаланасыңдар деп қоқытқан. Кейбіреулері үрейленіп, партиядан шыққан. Жақында Астанада барлық деңгейдегі әкімдердің жиналысы болды. Сонда тапсырма алған болу керек. Келе сала олар әр ауылдан арнайы штап құрған», – дейді Демократиялық таңдауы партиясын ұйымдастырушылардың бірі Батырхан Дәрімбет.

«Отан» партиясының Парламенттегі фракциясының жетекшісі Қайролла Ережеповтің айтуынша, «Отан» партиясы тіркеуден өту кезінде заңды қадағалаушы органдардан ешқандай шағым болмаған.

«Саяси партиялар туралы» Қазақстан заңы бойынша партияға әрбір облыс орталығынан жеті жүзден кем емес мүше болуға тиіс. Егер бір облыс орталығынан партияның қолы жеті жүзге жетпесе онда партия заңсыз болып саналады.
XS
SM
MD
LG