Accessibility links

Грузия мен Аджария автономиясы арасындағы теке-тірес нендей нәтижемен аяқталуы мүмкін


Сейсенбі күні Грузиядағы автономилық Аджария республикасында Тбилис мен Батуми арасындағы теке-тірестің салдыранын президент Аслан Абашидзеге қарсы 50-ге жуық адам наразылық шеруіне шығып, үлкен толқулар болып өтті. Грузия мен Аджария арадағы әкімшілік шекараны байланыстырған 3 көпірді жаруын, Аджария лидері Аслан Абашидзе Грузия жағынан төнген қатерден қорғану мақсатында іске асырылды деп ақталуда. Ал осы кезде Тбилисиде грузин президенті Михаил Саакашвили, бұрын да талап еткеніндей, Мәскеуден өзінің Аджариядағы әскерін қысқарту жөнінде өтінішін жолдады.

Сейсенбі күні Аджария автономиясының астанасы – Батумидің көшелерінде халық толқуы болып, Аслан Абашидзені қолдайтын қауіпсіздік күштері наразылыққа шыққан 500-ге жуық халықты резенке таяқтармен және су шашатын мәшинемен күштеп таратты. Наразылық шеруіне Аджария президенті Аслан Абашизденің өткен жылы қараша айында енгізілген төтенше жағдайды сейсенбіден бастап, тағы да қатаңдатуға бұйырып, комендант сағатын енгізуі және соның нәтижесінде мектептер мен жоғарғы оқу орындарын 2 аптаға жабуы түрткі болды. Наразылыққа шыққандардың бірі, өзін Ачико деп атаған кісі сейсенбілік оқиғаны былай деп суреттеп берді. А.: Олар (яғни қауіпсіздік күштері) халықты бастан сабады. Мен басынан қаны сорғалағандарды көрдім, кейбірі тіпті есінен танып жатты. Мен көшелерде беті қанға боялған әйелдерді көрдім. Біздің шеруімізді қуып таратқан соң, әлгі қаны басына шапқан қауіпсіздік күштері “Біздің Аджария” қозғалысының кеңсесіне қарай жылжып, оны күл-тамтығын қалдырмай қиратты. Бірде-бір терезені аман қалдырмады. Батумидегі ахуал әлі ушығып тұр”. Шеруге шыққан басқа кісі - Хатуна Тавдигиридзе деген оқытушы әйел болған оқиғаны былай деп сипаттайды. Х.Т.: “Біздің шеруге ұйымдасып шыққанымыз сол-ақ екен, полиция біздің жолымызды бөгемек болды. Одан соң біз наразылығымызды университет жанындағы мектеп ауласында өткізе бастаған едік, полиция бізді тағы 2 рет қуып таратпақ болды. Ақырында олар бізді ол жерден қуып, біздің топ университет оқытушылары ұйымдастырған наразылық шеруіне барып қосылды. Бір сағаттан кейін жүк мәшинесіне отырып келген құқық сақшыларын көрдік, олар шерушілерге қарсы су шашатын брандспойтты қолданды”. Грузия парламенті осы сейсенбілік сессиясында Аджариядағы нарызалық шеруін күштеп таратқан шараға ащы наразылық білдірді. Парламент депутаттарының бірі Давид Бакрадзе: “Грузия парламенті қатыгез шараларға нарызылық білдіреді және бейбіт шеруді күштеп таратуға жауапты адамдарды қатаң жазаға тартуды талап етеді”, -деп мәлімдеді Сейсенбідегі наразылық шерулері - Аджария мен оның безбүйрек лидері Аслан Абашидзенің маңайындағы ахуалдың ушыға түскенін аңғартты. Аджарияны Грузияның басқа аудандарымен байланыстыратын темір жолды және Аджария мен Грузия арасындағы әкімшілік шекарасында болған көпірлерді бұзу себептерін осы күні А.Абашидзе жергілікті теледидар арқылы сөйлеген сөзінде түсіндіруге тырысып бақты. Оның айтуынша, әлгі шара Грузия жағының шабуылынан қорғану мақсатында жүзеге асырылды. Ал Тбилисиде грузин президенті Михаил Саакашвили Батумиді бұл әрекеті үшін айыптап, ол істің артында Ресейдің әскери қызметтен кеткен генералы Юрий Неткачов тұр деп жазғырды. Аджария ме Грузия арасындағы бұзылған көпірлер үшін тікелей Мәскеуді айыптауға батылы жетпеген М.Саакашвили Ресейді генерал Неткачовтың Грузиядағы ахуалды одан әрі шайқауды көздеген әрекетін тоқтатуға шақырды. А.Абашидзе көптен бері Мәскеудің қолдауына сүйеніп келеді. Бірақ, “Азаттық”-тың грузин редакциясының директоры Роберт Парсонстың пікірінше, егер Абашидзенің билігіне нағыз қатер төнген болса, Мәскеудің бұл жанжалға ықпал ететіндей мүмкіндігі шектеулі. М.Саакашвили үшін Аджарияны Грузияның орталық билігіне қайта бағындырудың және өз билігін нығайтудың төте жолы – күш қолдану болып отыр. Мәскеу мен Тбилисидің арасындағы қарым-қатынас жақсара бастауына қарамастан, М.Саакашвили екі жақты жанжалға Ресейдің дәнекер болуына келісе қоймас. Р.П.: Әрине, Ресейдің Аджарияға, әсіресе Аслан Абашидзеге ықпалы бар. Ол орыс әскерилерімен, көптеген кәсіпкермен және Мәскеу мэрі Юрий Лужковпен жақын қарым-қатынаста. Олар – ықпалы бар тұлғалар, әлбетте, Аджариядағы ахуалдың бейбіт жолмен шешелгеніне олар да мүдделі. Дегенмен де, орыстар Аслан Абашидзені райынан қайтуға көндіре алады, не райынан қайтқанын қалайды. Бірақ, олар Батумиде орналасқан шамамен 2 мыңдық әскери Ресей гарнизонының күшін пайдалануға дайын болуы екіталай”. Р.Парсонстың атап көрсетуінше, Абашидзенің Аджарияны Грузияның басқа аудандарымен байланыстыратын авто және темір жолды жабуы Аджариядағы жағдайды әлдеқайда ушықтырды. Оның пікірінше, ол жолдар дереу қалпына келтірілмесе, аймақтағы (Груизяның өзі ғана емес, Арменияның да жапа шегуі сөзсіз) экономикалық жағдайдың да күрделене түсуі мүмкін. Өз кезегінде грузин президенті М.Сакашвили де қолайсыз жағдайға тап болды. Елдегі билік басына келген сәттен бастап, өзін бүкіл елге тәртіп орната алатын саяси тұлға ретінде танытып, Тбилисидің билігін менсінбей келген Аслан Абашидзенің атына бірнеше рет қатаң ескерту жолдаған Саакашвили, саясаттанушылардың ортақ пікірінше, ендігі жерде, ол бетінен қайта алмайды. Екінші жағынан, Батумидегі сейсенбіде болған оқиғалар елде Абашидзенің авторитарлық билігіне қарсы оппозицияның да бой көрсете бастағанын көрсетіп отыр. Алайда, Р.Парсонс Аджария лидерін биліктен ішкі күштер құлата алады деп ойламайды. Қалай дегенмен де, Грузияның болашағы тегеурінді 2 лидер - Михаил Саакашвили мен Аслан Абашидзенің қолында тұрған тәрізді. Осы екі лидердің өзара теке-тіресі нендей нәтижемен бітетінін болжап айту қиын.
XS
SM
MD
LG