Accessibility links

Таяу Шығыстағы жанжал бойынша “Төрттік”-тің Нью-Йорктегі бас қосуы


БҰҰ-ының, ЕуроОдақтың және Ресей мен АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілдері сейсенбі күні Нью-Йоркте Таяу Шығыстағы бейбіт келіссөздерді қайта жалғастырудың мүмкіндіктерін өзара талдады. Олар осы күні қабылдаған бірлескен Мәлімдемесінде Израиль премьер-министрі А.Шаронның Газа аймағынан Израиль армиясы мен еврей қоныстарын шығару туралы жоспарына қолдау білдірді. Үкімет құрамындағы “Ликуд” партиясы өкілдерінің әлгі жоспарды қолдамауының артынша, премьер-министр Ариэль Шарон ол жоспарына өзгерістер енгізуінің мүмкін екенін байқатты.

Израиль премьер-министрі А.Шаронның Газа секторынан армияны шығару мен еврей қоныстарын көшіріп алып кету жоспарына Палестина жағының түбегейлі қарсы болуы және Израиль үкіметі құрамындағы “Ликуд” партиясы өкілдерінің қолдамауына қарамастан, Нью-Йоркте бас қосқан БҰҰ-ының, ЕуроОдақ-тың және Ресей мен АҚШ-тың жоғарғы лауазымды өкілдері ыстық ықыласпен қолдады. “Төрттік” немесе “Квартет” деп аталатын бұл топ сейсенбі күні Газа аймағынан Израиль әскері мен еврей қоныстарын түгел шығару, ал Иордан өзенінің Батыс жағалауынан жартылай шығару жөніндегі “Шарон жоспарының” оң жақтарын атап көрсеткен бірлескен Мәлімдеме жасады. Ол жайында БҰҰ-ының Бас хатшысы Кофи Аннан бас қосудың артынша ұйымдастырылған баспасөз-маслихатында атап көрсетті. К.А.: “Газа аймағынан Израильдің біржола кетуін қарастырған бұл бастама – екі арадағы жанжалды доғарып, бейбіт келісім арқылы “Жол картасы” жоспарын жүзеге асыруға жол ашатын ерекше мүмкіндік”. К.Аннанның бұл пікірі АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы К.Пауэлдің, Ресейдің сыртқы істер министрі С.Лавровтың, ЕуроОдақтың сыртқы істер басшысы Х.Солананың және ЕуроОдаққа төрағалық ететін Ирландияның сыртқы істер министрі Б.Коэннің Нью-Йорктегі сейсенбілік бас қосуының ізінше айтылды. Аталмыш “төрттік” жанжалдасушы жақтар – Израиль мен Палестинаны бейбіт келісімдерді қайта жалғастыруға жетелейтін “Жол картасы” жоспарына қайта оралуға шақырды. Өйткені араб елдері “Шаронның жоспарын” қолдаған Вашингтонға қатты наразы болды. Палестина өкілдері Вашингтонның бұл әрекетін Автономияның Израильмен арадағы келіссөздерінде талдануға тиісті проблемаларды АҚШ-тың “өзі шешті” деп бағалады. Алайда, Нью-Йоркте бас қосқан “төрттік”-тің сейсенбілік Мәлімдемесінде екі жақты өзекті мәселелерді Израиль мен Палестина өзара шешуге тиіс делінді. Сейсенбі күнгі баспасөз-маслихатында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы К.Пауэлл: “Дж.Буш – барлық проблема ақыр аяғында халықаралық қауымдастықтың дәнекер болуымен және “Жол картасы” жоспарына сәйкес, осы екі елдің өз араларында шешілуге тиіс деп айтқан болатын, -депжуып-шайған болды. Сонымен қатар К.Пауэлл “Жол картасы” бойынша АҚШ-тың өзіне алған міндеттемелерін орындайтынына аталмыш “квартет”-тің Мәлімдемесі кепіл болады деген үміт болғанын жасырмады. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Израильде болған референдумды мысалға келтірді. Оған сәйкес, А.Шаронның өз үкіметі ішінде болған референдум әглі жоспарды қолдамады және керісінше - Израиль халқының басым бөлігі Газа аймағынан әскер мен еврей қоныстарының шығарылғанын қалап отыр. Ал А.Шарон өз үкіметінің ішінен қолдау таппаған соң, әлгі жоспарына өзгерістер енгізуді қарастырып жатыр. ЕуроОдақтың сыртқы саясатының жетекшісі Х.Солананың атап көрсетуінше, Нью-Йорктегі “төрттік” бірлесіп қабылдаған Мәлімдеме А.Шаронның Израиль 1967-нші жылы басып алған Газа аймағынан Израиль әскері мен еврей қоныстарын алып кету жоспарын мойындайды. Х:С.: “Газа аймағындағы жер толық босатылуға тиіс екенін біз нақты көрсеттік, яғни ол жерлер босатылуға тиіс. Менің ойымша, бірлескен мәлімдеме өте құнды құжат. Біздің бүгін, “Квартет” ішіндегі қол жеткізгеніміз – “Квартет”-ті қайтадан Таяу Шығыстағы бейбіт келіссөздердің кіндігіне айналдырады”. Нью-Йоркте бас қосқан “төрттік”-тің бірлескен Мәлімдемесінде, сонымен қатар, Палестинаның басқару құрылымдарын реформалау қажеттігі атап көрсетіледі. Оның ішінде Автономияның өз ішінде тәртіп орнату мен Израиль азаматтарына қарсы шабуылдарды ауыздықтау және террористік ұйымдарды әлсірету үшін Палестинаның қауіпсіздік күштерін бөлшектеу керектігі айтылды. “Төрттік”-тің бас қосуынан кейін болған баспасөз-маслихатында БҰҰ-ының Бас хатшысы К.Аннан реформаларға қолұшын беретінін мәлімдеді. К.А.: “Қауіпсіздік күштерін реформалауға жауапты Палестина басшылығын қолдауға және көмек беруге біз дайынбыз. “Квартет” мүшелері осы саладағы реформалардың барысын қадағалап отыруға міндеттенеді”. Аталмыш “төрттік”-тің Мәлімдемесінде, сондай-ақ, Израиль үкіметін Палестина жағындағы тұрғын үйлер мен кеңселерді және инфрақұрылымдарды қирату немесе палестиндіктерді қудалау сияқты шараларын дереу тоқтатуға шақырады. Сонымен бірге Палестина азаматтарының Газа аймағы мен Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы жүріс-тұрысына еркіндік беруге үндеді.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG