Accessibility links

Заманбек Нұрқаділовтің арыз – шағымы қанағаттандырылмады


ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің бұрынғы төрағасы Заманбек Нұрқаділов ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметовты, Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің қазіргі төрағасы Нұрахмет Бижановты және «Хабар» агенттігін ар-ожданына кір келтіргені үшін Алматы қаласының Медеу аудандық сотына берген болатын. Алайда Медеу аудандық соты ҚР үкіметі басшысының және Нұрахмет Бижановтың адвокаттарының сұраулары бойында істі қарауды Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотына жіберген болатын. Осы мәселеге орай, Заманбек Нұрқаділов негізгі шағымданушы болғандықтан, Алматы қалалық сотына істі Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты емес Алматы қаласының Медеу аудандық сотының қарауын талап етіп, қалалық сотқа шағым түсірген еді. Мамырдың 6-сы күні түстен кейін Алматы қалалық соты Заманбек Нұқаділовтің шағымын қарады.

Бейсенбі күні түстен кейін сот ісі басталмас бұрын «Азаттық» радиосына Заманбек Нұрқаділов қаралатын іс бойынша былайша түсінік берді. -Мені қызметімнен Алматыда алындым, ар-ожданыма кір келтіретін сөздердің барлығы осы Алматыда айтылды, өзім Алматы қаласының тұрғынымын сондықтан өзімнің ар-намысымды қорғау үшін Алматы қаласының Медеу аудандық сотына шағымданған болатынмын. Алайда, олар Даниал Ахметовтың және Нұрахмет Бижановтың адвокаттарының сұрауы бойынша істі қарауды Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотына жіберді. Мен негізгі шағымданушы болғандықтан бұл шешіммен келіспеймін. Заманбек Нұрқаділовтің шағымы бойынша бейсенбі күні түстен кейін қаралған сот ісіне «Хабар» агенттігінің Алматы студиясының өкілдерінен басқа, ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметовтің және Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің төрағасы Нұрахмет Бижановтың өздері де, қорғаушы адвокаттары да келген жоқ. Сотта сөз алған Заманбек Нұрқаділов ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов Астанадан Алматыға арнайы келіп, өзінің қатысуынсыз қызметінен алғандығын және Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің қазіргі төрағасы Нұрахмет Бижановтың ар-ожданына кір келтіретін сөздерін «Хабар» арнасы республика өңіріне таратқандығын айта келіп, өзінің шағым арызы бойынша сот ісінің Алматыда өтуін талап ететіндігін жеткізді. Ал «Хабар» телеарнасының өкілі болса, арнаның негізгі басшыларының Астанада екендігін айта келіп, сот ісін Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты қарайтын болса, сол жақтағы өкілдерінің қатысатындығын жеткізді, Заманбек Нұрқаділовтің шағымы бойынша сот ісін қараған судья Ханбибі Шәріпбаева аз үзілістен кейін, істің қорытындысын жариялады. Ол істі Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотында қарау туралы Медеу аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырғандығын жеткізді. Алматы қалалық сотының шешіміне қанағаттанбаған Заманбек Нұрқаділов алдағы уақытта жоғарғы сотқа шағымданатындығын айтады.
XS
SM
MD
LG