Accessibility links

Америка мұнай алпауыттары Н.Назарбаевтың билігін саналы түрде қорғайды деген жорамал айтылды


Мамырдың 12-де американдық "Лос Анджелес Таймс" газетінде "Мұнай Қазақстан билігінің бейнесін жұмсартады" деген мақала жарық көрді. Мақаланы Америка Құрама Штаттарының басында отырған, не болмаса өте жоғары мемлекеттік қызметте болған тұлғаларға қауіпті "саяси бомба" деп тапса болады. Қазақстанмен Америка Құрама Штаттарының қарым қатынастарында мұнай алпауыттарының мүддесі Қазақстанға демократиялық талап қоюдан асып тұрды деп айтылады, нақты мысалдар келтіріледі, шатаққа қатысты азаматардың есімдері түстеліді.

Шынтуайтында, "Лос Анджелес Таймс" газеті батыс мұнай компанияларының мүддесіне қызмет ететін саясаттың табиғатын ашып отыр, мемлекет дәріптейтін идеялар мұнай корпорацияларының мүддесімен шағысқанда қай белгілі тұлға қай жақта табылғаны сүреттеледі. Алтын көрсе періштеде жолдан таяды демекші, "Лос Анджелес Таймс" газеті "періштердің" істерін нақты көрсетіп отыр және батыс журналистикасының тәртібімен кейіпкерлердің өздерімен тілдескен не болмаса олардың да көзқарастарын көрсетуге әрекет жасаған.

Мәселен, бұрынғы президент Джордж Буштың әкімшілігінде сыртқы істер министрі болған Джеймс Бейкер Совет Одағы құлдырап жатқан кезеңде американ-қазақ қатынастарының орнауына қызмет етті. 1991-ші жылдың желтоқсан айында Джеймс Бейкер Нұрсұлтан Назарбаевтың қонағы болды, ол екеуі Алатау бөктеріндегі сарайдың моншасында рахаттанып, Қазақстанның болашағын әңгіме қылды, деп жазады "Лос Анджелес Таймс" газеті. 1993-ші жылы американдық "Шеврон" компаниясы дүние жүзіндегі ең бай мұнай көздерінің бірі – Батыс Қазақстандағы Теңіз деген кеңорынның 50 пайыз акциясын иемденді. Бұдан соң американдық "Мобил" компаниясыда Қазақстан мұнай базарының төрінде табылды. Делдалдық атқарған Джеймс Гиффен Қазақстанның екі басшысына 78 миллион доллар пара берді деп қазір Америкада сотталып жатыр.



Министрлік қызметінен кеткен соң Джеймс Бейкер "Бейкер Ботс" заң компаниясының серіктесі боп шыға келді. Американың мұнай астанасы Хьюстон қаласында орналасқан "Бейкер Ботс" заң компаниясы Қазақстанда және Каспий теңізі мемлекеттерінде мұнай игеремін деген компанияларға ақыл-кеңес берумен айналысады. Джеймс Бейкердің баласы да Джеймс Бейкер аталады, олда осы компанияда істейді, ол Қазақстанда бизнес жасайтын компанияларға ақыл-кеңес береміз деп жауап қайтарды.

Көкектің 27-інде Вашингтонда АҚШ-Қазақстан бизнес серіктестігі жөнінде мәслихат өтті. Қазақстан жағынан оған президент Назарбаевтың көмекшісі Григорий Марченко қатысты. Жиында АҚШ сыртқы істер министрінің орынбасары Ричард Армитейдж Назарбаевты мақтады, "Назарбаев Қазақстанды Орта Азиядағы ең тұрақты және ең тез байып жатқан ел қыла білді" деп айды аспанға шығарды. Ричард Армитейдж Джордж Буштың әкімшілігіне келер бұрын Каспий теңізі аймағында консалтинг компаниясын басқарды, деп жазады "Лос Анджелес Таймс" газеті. Анығында, Ричард Армитейдж Назарбаевты мақтап жатқан тұста Қазақстан мұнайының пайдасы Қазақстан халқына жетпей жатыр. Өмір деңгейінің өлшемдері бойынша Қазақстан 1993-шы жылы 173 елдің ішінде 54-шы орында болған. Ал былтыр 175 елдің арасында 76-шы орында табылды, төмен сырғып кетті. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі.

Қазақстанның мұнай мүмкіншіліктері кеңейген сайын елде саяси бостандықтар тарыла түсті. Асылы, Африканың Сахара шөлі аймағындағы мұнай елдерінде де коррупция кең етек жайып отыр. "Лос Анджелес Таймс" газеті бұл мәселені жеке зерттеп жатыр. Таяу Шығыстағы жанжалдың салдарынан Американың араб елдерінің мұнайына тәуелділігі терең. Сондықтан АҚШ-та Каспий аймағынан балама мұнай көзін табамыз деген стратегия дүниеге келді. Ал бұл тарихи құбылыста американдық мұнай алпауыттарының мүддесі басым боп кетті. Осы алпауыттырдың саяси салмағы Назарбаев сияқты авторитарлық басшылардың дара билігіне қол жалғады, дейді "Лос Анджелес Таймс" газеті.

Сәрсенбі күні жарық көрген мақалада санаулы қана мемлекеттік тұлғалар алты жыл бойы миллиондаған доллардың істерін астыртын атқарып, Қазақстандағы келеңсіз жайттарға көз жұмдыртып келеді, дейді газет. "Пи-групп" деп аталатын бұл топ Қазақстанды жарнамалайтын мақалаларды жаздыртып, мұнай компаниялардың басқа да мүдделерін астыртын жүргізіп, АҚШ әкімшілігімен АҚШ парламентінің демократиялық қызметіне кедергі жасауда, дейді "Лос Анджелес Таймс" газеті. "Пи-групп" саяси ықпал тобы президент Назарбаевтың антидемократиялық шараларына ақыл кеңес беріп отырған, Назарбаевтың бейнесін мейлінше әшекейлеп отырған, дейді "Лос Анджелес Таймс" газеті.
XS
SM
MD
LG