Accessibility links

Астанадан 20 шақырым жердегі полигонда әскери жаттығулар кезінде граната жарылысынан қатардағы 15 жауынгер жарақат алған.


№ 6636 әскери бөлімінінің сарбаздары кезек бойынша оқ атудан жаттығу өткізіп жатқан. Осы жаттығулар арасындағы үзіліс кезінде жігіттер жарылмай қалған гранатаны байқайды. Әскерилердің оны неліктен әкелгені әзірге белгісіз.

Қазақстанның ішкі істер министрлігінің ішкі әскері қолбасшысының орынбасары Иван Гравкиннің мәліметіне сүйенсек, мұндай жаттығу кезінде де басқа кезде де түзету мекемелерін күзететін сарбаздарға гранаталары бар қару берілмейді.

-Бұл полигонды Астана қаласының барлық әскери күштері пайдаланады. Біз мұндай заттарды ешқашан қолданбаймыз.

Әзірге, граната сыртқы қысымнан жарылып кеткен деген мәлімет таратылып отыр. Әскерилер өз күшіне сеніп, қалалық төтенше жағдайлар басқармасына хабарласпаған. 3 адам ауыр жағдайда Астананың бірінші емханасының реанимация бөлімінде жатыр. Емхананың бас дәрігері Асхат Әділбековтың мәліметінше, сарбаздар ауруханаға жеткізілген кезде, 3 адамға операция жасалған.

-Алып келген кезде 3 адамды операцияға көтердік. Үшеуі реанимацияда. Бір жауынгердің қолы алақанынан жоғары және келесі сарбаздың аяғы тізесінен жоғары жерінен кесілген.

Қалған сарбаздар Астаннаның травмотология және ортопедия институтына жеткізілген. Институт дәрігері Бейбіт Төлеухановтың сөзіне сүйенсек, сарбаздардың жарақаттары іріңдеп кетпей жазылатын болса, шамамен 10 күннен кейін олар әскери бөлімшелеріне оралады.

-Кейбіреуінің ішінде жарықшақ қалған, кейбіреуі жарақаттарын тесіп кеткен.

Аталған иниституттың тағы бір дәрігері Қайрат Қаниевтің сөзіне сүйенсек, сарбаздардың аурухананың жарақат бөліміне түсетін кездері бұған дейін де болған.

-Жауынгерлер түсіп тұрады. Бірақ мұндай жағдай бірінші рет.

Қазақстанның ішкі істер министрлігінің ішкі әскері қолбасшысының орынбасары Иван Гравкиннің мәліметіне сүйенсек, сарбаздар қауіпсіздік шараларын бұзған.

-Қару-жарақ оқтарының ішінде стандартқа сай келмей қалғандары болады. Мүмкін, сол гранаталардың біреуі белгілі бір әскер бөлімшесі атқан кезде жарылмай қалған шығар.

Жауынгерлердің гранатаны қайдан тауып алғаны, ол неліктен жарылып кеткендігі белгісіз. Оны қазір ауыр жараланған 5 жауынгер біледі. Қалғандары тіпті не болғанын байқамай қалған. Оқиғаның куәсі қазір емханада емделіп жатқан қатардағы жауынгер Елдар Жангутдиев осылай дейді.

-Мен автоматты атып келгеннен кейін, жарылыс болды. Өзім түсінбеймін неден болғанын. Жарылыс болған кезде, 2 аяғым ауырды да мен тұрып қашып кеттім. Сосын барып құладым.

Жарылыс кезінде полигонда болған қатардағы жауынгер Бектұрған Утеалиевтің айтуына қарағанда сарбаздардың біразы жарылыс болған кезде жан-жаққа құлаған.

-Не жарылғанын білмеймін. Ататын кезегімді күтіп тұрғам. Артымда 6 метр жерде жарылыс болды. Артыма қарасам, жолдастарым жан-жақта жатыр.

Алдын ала жасалған тергеу мәліметтеріне сай жоспарлық жаттығу кезінде танкілереге қарсы қолданылатын ГП-25 граната атқыштың бір оғы жарылған. Бұл гранаталардың жеңіл түрлері дейді әскерилер, егер ауыр түрі болса не бәрі 1 жарым жыл әскери борышын өтеп жүрген жас жігіттердің біреуі де тірі қалмас еді дейді олар. Әскерилер таратқан мәлімет бойынша, мұндай гранаталардың 3 түрі болады. Соңғы шыққанарында өздігінен жарылатын жабдықтары бар.
XS
SM
MD
LG