Accessibility links

«Аргументы и факты Казахстан», «Айқын», «Литер», «Экспресс К», «Комсомольская правда Казахстан» газеттері


Республикалық басылымдардың бірі бюджеттен ең көп қаржыландырылған «Көшпенділер» фильміне иелік ету құқығы американдықтар қолына көшкенін өкінішпен хабарласа, басылымдардың басым көпшілігінің назары - келе жатқан кезекті парламенттік сайлау мен мемлекеттік тіл мәселесіне ауыпты.

«Биылғы сайлауда сайлаушылар партияларға дауыс берер кезде оларды айыра алмай, жаңылысуы мүмкін», - деп есептейді «Аргументы и факты Казахстан» басылымы. «Себебі, саяси саханада пайда болған партиялардың арасында бірін-бірін қайталайтын ұйымдар жеткілікті. Мысалы, Коммунистік партияның әлі тіркеуден өте қоймаған коммунистік бағыттағы бақталасы бар болса, Аграрлы партияның «Ауыл» деген сыңары бар», - дейді басылым. Сондай-ақ Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының да жақында Қазақстанның демокртиялық партиясы деген бәсекеліс пайда болмақ екен. «Партиялардың басым көпшілігі президенттің бағытын жақтайтындықтарын айтса, олардың бағдарламалары тауықтың жұмыртқаларындай бір-бірінен айнымайды», - дейді «Аргументы и факты Казахстан» басылымы.

«Экспресс К» газеті саяси партиялардың алғаш рет сайлау жүйесін жетілдіруге ат салысқанын айта отырып, Орталық сайлау комиссиясының осы бағытта Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымымен белсенді түрде жұмыс істегенін тілге тиек ете етеді. Соынмен бірге жаңадан қабылданған «Сайлау туралы» заңның табысты жақтарына тоқаталады. «Алайда, таңдау құқығы мен процесінің жетілгенін қарамастан, Мәжіліс сайлауының халықаралық стандарттарға сәйкес келетініне төменгі палата спикері Жармахан Тұяқбай сенбейді», - деген қорытынды жасайды «Айқын» газеті. Мәжіліс спикері Тұяқбай мырза халықаралық ұйым өкілдерімен кездесуде «бұл сайлаудың бәрібір Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының стандарттарына сай болмайтындығын» айтып, олардың тарапынан «сынға ұшырайтындығына күмән келтірмейтіндігін» жеткізіпті. Оның пікірінше, «сайлау туралы заңға прогрессивті өзгерістер кіргізіліпті, бірақ бұл билік енді енді әкімшілік ресурстарды пайдалана алмайды деген сөз емес» екен. Әйтседе, спикер төраға орынбасары болып табылатын «Отан» партиясының Батыс Қазақстан облысындағы өкілдері әкімшілік ресурстар мен лас технологияларды пайдаланбау жөнінде басқа партияларды ортақ Хартияға қол қоюға шақырып отырғанын хабарлайды «Комсомольская правда Казахстан» апталығы. Мұндай қадам жасауға «отандықтарды» облыс әкімі Нұрғали Әшімов шақырыпты. Облыс әкімі өз сөзінде барлық партияларға бірдей көмектескенімен, «Отан» партиясының саяси жүйедегі орны айрықша екендігін жеткізіпті. Оның себебін ол бұл партияның бастауында Қазақстан президенті тұрғанымен түсіндірген. Сондықтан да, Батыс Қазақстан облысының әкімі ең алдымен президенттік «Отан» партия өкілдерімен жүздескен көрінеді. Жармахан Тұяқбайдың «Айқын» газетіндегі айтысына қарағанда, Қазақстан қоғамында «демократиялық таңдау дәстүрі қалыптаспаған, ауылда тұратындар жергілікті басшылар кімді көрсетсе, соған дауыс береді». Ал осы мақаламен жапсарлас жарық көрген сұқбатта Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Әлихан Байменов демократияландыру процесі қоғамның дамуын жеделдетіп қана қоймай, «қазақ тілінің де аясын кеңейтетіндігін» айтады. «Өйткені, әсіресе, ауылдағы қазақтар әкімдерін, мәслихатын сайлауға мүмкіндік алса, онда қазақша өтетін жиналыстар көбейеді. Бұл да тілді дамытады», - деп пайымдайды «Ақ жол» партиясының теңтөрағасы «Айқын» газетінде. Оның пікірінше, саяси пікірталастың ашық болуына, демократияға қарсы дауыс бергендер - қазақ тілінің дамуын да тежеп отыр. Егер «Ақ жол» партиясының теңтөрағасы қазақ тілі бойынша көтеріп отырған мәселелері партияның ешқандай да саяси ойын құралы, пиар акциясы еместігін мәлімдесе, «Литер» газеті соңғы санында «Қазақстанның мәдениеттегі ең үлкен пиар-акциясының сәтсіздікке ұшырағанын» хабарлайды. Газет мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан «Қазақфильм» тарихындағы бюджеттен ең көп қаржыландырылған «Көшпенділер» кинофильміне иелік ету құқығынан айырылған. Алдыңғы жексенбіде фильмнің тұсау кесер нұсқасы 57-ші Канн фестивалі шеңберінде қазақстандық емес, американдық өнім ретінде ұсынылған. «Бастапқыда Қазақстанның мемлекеттік бюджетінен бұл туындыны шығаруға 10 миллион доллар бөлінсе, кейінірек бұл сома 30 миллион долларға дейін өскен. Бірақ ең өкініштісі қаржыландыру ақырындап американдықтардың арқасына артылып, олар бір сәтте бұл өнімге иелік ету құқығы өздеріне көшетіндігін мәлімдеген», - деп жазады газет тілшісі.
XS
SM
MD
LG