Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05 -27 - 2004


Республикалық басылымдарда саяси тартыс күшейе бастағаны сөз болады. Ал газеттердің бірінде Казкоммерцбанк жетекшілерінің бірі Нұржан Сұхбандердин президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтің бірнеше республикалық басылымдарда жарияланған сын мақаласына орай түсіндірме береді.

Ермұхамет Ертісбаев өз мақаласында Субханбердин және оған жақын тұлғалар жекешелендіру кезінде бірақатар маңызды кәсіпорындарды азғантай тиын-тебенге сатып алды деп айыптаған болатын. «Оңай болмаған тоқсаныншы жылдары Қазақстан үкіметі «Казкоммерцбанкті» өндіріс орындарын жекешелендіру процесінде кеңесші ретінде тартты», - дейді Нұржан Сұбханбердин «Время» газетінде. Ол өздерінің бұл жұмыста ашық тендерлер өткізіп, оған халықаралық сарапшылар мен неғұрлым көп адамдар қатыстыруды көздегендерін айтады. «Өкінішке орай, - дейді Сұбханбердин мырза, - мұндай тәжірибе орныққан жоқ». Мұнай саласында басты рольді «Меркейтор» компаниясы сақтай отырып, метуллургиядағы кәсіпорындар тегін таратылды десе де болады», - дейді «Қазкоммерцбанк» жеткешілерінің бірі «Время» газетінде.

Егер естеріңізде болса, қазір Америка Құрама Штаттарында американдық «Меркейтор» корпорациясының басшысы Джеймс Гиффеннің үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Нұржан Сұбханбердин сонымен бірге «Казкоммерцбанк» Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясы мен Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының құрылыуы мен жұмыс істеуіне қатысқан жоқ деп мәлімдеме жасайды. Ол өзінің ешқандай партия мүшесі еместігін айтуымен бірге «Ақ жол» партиясының саяси бағдарламасын қоштайтындығын жеткізіпті. Оның пікірінше, «Ақ жол» - өзінің тәуелсіз, пісіп-жетілген және жауапты лидерлерінің арқасында қалыптасқан елдің саяси өміріндегі жарқын құбылыс».



Ал «Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Әлихан Бәйменов «Қазақстан» апталығына берген сұқбатында Ертісбаевты билік қоғамдық пікірді тексеру үшін пайдаланатын сияқты деп пайымдайды. Оның пікірінше, президент кеңесшісі кереғар пікірлер жиі айтады. Сондықтан, оны бірде Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының, бірде «Отанның», бірде «Ақ жолдың» мүшесі деп қалуға болады.



Ермұхамет Ертісбаевтың өзі Навигатор интернет-газетіне «Ақ жолдың» қорғаушысы немесе Гүлжан Ерғалиеваның метамарфозасы» деген тағы бір мақала жариялайды. Онда ол жоғары жақтағы бір салиқалы ақпарат көзінен «Ақ жолдың» өзіне қарсы «ақпараттық бомба» даярлап жатқандығын алдын-ала естігенін, бірақ оның орнына Ерғалиеваның мақаласын оқығанында көңілі томағанын айтады. Оның пікірінше, Ерғалиеваның мақаласының артында «Ақ жол» партиясы тұр. Ертісбаев өзінің әйгілі мақаласының қоғамда қандай әсер туғызғанын сараптай келе мақала шыққан күннің ертесінде-ақ «Ақ жол» партия теңтөрағалары мен Казкоммерцбанктің бас банкирі президенттің қабылдауында болғанын тілге тиек етеді. «Олар үнемі президенттің алдында өзіміздікі екендігін дәлелдеуге тырысады, ал бірақ олардың істері басқа бағытта», - дейді президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев.



«Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Бәлиеваның сайлауға төрт ай қалғанын хабарлауынан кейін Қазақстанның онсыз да қызуы жоғары саяси өмірінің температурасы тек арта беретіні анық», - дейді «Айқын» газеті. Газет жаңа заң талаптарына сай саяси партиялардың жергілікті сайлау комиссияларын жасақтап, сайлау комиссияларындағы 91 мыңнан артық орынға 100 мыңнан артық кандидат ұсынылғаны туралы деректі келтіреді. Ал үміткерлердің 88 мыңнан артығы саяси партиялардың атынан келгені анықталған.



Жаңа «Сайлау туралы» заңмен келген тағы бір өзгеріске күмән келтіреді «Жас алаш» газетінде Парламент мәжілісінің спикері әрі «Отан» партиясы төрағасының орынбасары Жармахан Тұяқбай. Оның айтуынша, «әділ сайлау өткізу үрдісі мен жоғары деңгейдегі сайлау мәдениеті қалыптаспаған жағдайда электронды дауыс беру жүйесін енгіу – мерзімінен бұрын қолға алынып отырған шара». «Мегаполис» апталығы бұрын ешқандай партия қатарында болмаған парламенттің екі депутатының және «Асар»,«Ауыл» фракцияларында болған тағы екі халық қалаулысының президенттік «Отан» партиясына қарай ойысқанын хабарлайды. Бұл «парламенттік дода қарсаңында екі фракцияға, әсіресе «Асарға» түрпідей тиетін шығар», - деп топшылайды «Мегаполис» апталығы.
XS
SM
MD
LG