Accessibility links

«Экстремистік іс-әрекет туралы» заң жобасы Қазақстан парламентінің қарауына ұсынылды.


ҚР Әділет министрлігі әзірлеген «Экстремистік іс-әрекет туралы» заң жобасы Қазақстан парламентінің қарауына ұсынылды. Біз осы заң жобасын талқыламақ депутаттар мен саясаттанушы, сарапшы- мамандармен қатар, қарапайым азаматтарға:

«Аталған заң жобасы Қазақстан үшін қаншалықты қажетті, бұл осы мәселеде туындап келе жатқан қауіп бар деген сөз бе ?» деген сауалды қойған едік.

«Экстремистік іс-әрекет туралы» заң жобасы парламент қарауына түсісімен жұмысшы тобы құрылып, бұл мәселеге бірінші кезекте мән беріліп жатқанын осы заң бойынша жұмыс істейтін топтың жетекшісі Қайролла Ережепов айтады.

Депутаттың ойынша, үш түрге бөлінетін экстремизм мәселесінің Қазақстанда оның саяси, ұлттық және діни сипатының әлсін-әлсін бой көрсетуі қауіп бар екенінен хабар береді, сондықтан бұл заң өте қажет дейді ол.

Депутаттың бұл пікірін қуаттайтын саясаттанушы Камал Бурханов Қазақстанда қауіптенетіндей-ақ, экстремистік әрекеттер бой тасалап тұр, сондықтан экстремистік пиғылдың жолын кесуге бұл заңның әлеуметтік қауқары қуатты болуға тиіс дейді.

Алайда, саясаттанушының бұл қаупіне соншалықты негіздің жоқ екенін ҰҒА академигі Ғарифолла Есім айтады. Бұл заңның орнына әлгіндей экстремистік әрекеттердің болмауына алғышарт- әлеуметтік мәселелерді қамтамасыз ететін заңдар қажет дейді ол.

Біз осы мәселеге орай аталған заң Қазақстанға қажет пе деген сауалды Алматының кейбір тұрғындарына да қойған едік. Әртүрлі пікірлер болғанымен, негізінен бұл заңның Қазақстанға артықтық етпейтінін айтушылар көп болды.

Сөйтіп, біз тілдескен азаматтардың осындай пікірлерін туғызып отырған «Экстремистік іс-әрекеттер туралы» заң жобасымен танысып үлгерген жұмысшы тобының мүшелері жақында талқылайтындықтарын айтады.
XS
SM
MD
LG