Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05-28-2004


Заманбек Нұрқаділов пен Нұрсұлтан Назарбаев республикалық басылымдардың басты кейіпкерлеріне айналған.

Төтенше жағдайлар бойынша агенттіктің бұрынғы төрағасы бұл жолы кезекті төтенше мәлемдемесімен емес, ешкіммен байланысқа түспей, тым-тырыс жатып алуымен таңданыс тудырыпты. «Нұрқаділов қайда кетті?» деген, «Сөз» газетінің орысша бөлімі Заманбек Қалабайұлы жамиғатпен байланысын үзер алдында, «өзінің ұстанымын өзгертпейтіндігін» айтқанын еске түсіреді. Әйтсе де, газеттің қазақша қосымшасы «Заманбек мырза, әрине, бірінші кезекте, өзінің ұрланған миллионын және соған ұқсас мәселелерді шешіп алған шығар», - деп топшылайды. «Ассанди таймс» газеті де «Заманбек Қалабайұлы Нұрсұлтан Әбішұлымен келісімге келіп, нәтижесінде Төтенше жағдайлар бойынша агенттіктің бұрынғы төрағасына материалды қолдау көрсетіліп, жақын елдердің біріне елшілікке жіберілуі мүмкін деген нұсқаның кеңінен тарап отырғанына» тоқталады.

Алайда, «Ақ жол Қазақстан» басылымы «Заманбек Нұрқаділов қысталаң күндері қасынан табылған тәуелсіз журналистер мен оппозиция өкілдерін сатып кете қойған жоқ» деген пікірде. Себебі, Нұрқаділов жақын күндері композитор әрі Қазақстанның тұңғыш президентінің қызметін зерттеу бойынша қоғамдық комиссия мүшесі Шәміл Әбілтайға өзі телефон шалған. Онда ол «өзінің ақшасын қайтарып алмағанын, жұбайы Мақпал Жүнісованың теледидарға шығуына тежеу қойылып отырғанын» жеткізген. Ал дүйім жұртпен хабарласпау себебін қазір шығармашылық жұмыспен айналысып, Үндістанның бір ақынының дастанын аударып жатқандығымен түсіндірген. Алайда, газет сенімді ақпарт көздерінен Қазақстан президенті мен Төтенше жағайлар бойынша агенттіктің бұрынғы төрағасы мамырдың тоғызында кездесіп, үш сағат бойы әңгіме-дүкен құрғанын естігенін айтады.



«Казахская правда» газеті болса, «Заманбек Нұрқаділов өзінің бұрынғы досы Нұрсұлтан Назарбаевты сатып, қатты қателесті» деп есептейді. Газеттің пікірінше, бүгінде одан оппозиция да, билік те ауылын аулаққа салып отыр. «Ол енді билікке қайтып бару үшін Назарбаевты мәмілеге шақырып отыр»,- дейді «Казахская правда» газеті. Алайда, газет тілшісі енді онымен «ешкім сөйлеспек түгілі, амандаспайды» деген пікірде.



Бұл уақытта Америкадағы Джеймс Гиффен ісінің төңірегіндегі пікірталас жалғаса береді. «Ассанди таймс» газеті Президенттің тікелей эфирде бүгінде үстінен қылмыстық іс қозғалып жатқан Джеймс Гиффен экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің кеңесшісі болды дегенін тілге тиек етеді. Осыған орай газет Қажыгелдиннің үкімет басына 1994-ші жылы келгенін еске түсіре отырып, Назарбаев пен Гиффеннің 1992-ші жылы әйгілі Теңіз кеніші бойынша келісім-шарт жасалу қарсаңында бірге сұқбаттасып отырған суретін жариялайды. Президентті сынап, қуғындалған журналист Сергей Дуванов өзінің дәстүрлі тақырыбына қалам тербейді. Ол «Ассанди таймс» газетінде Қазақстан президентінің жеке шоттарында мемлекеттің бірнеше миллиондаған доллары бар дей отырып, егер бұл ақша президенттің қорғаушылары айтқандай, сақталу үшін салынған болса, заңнан аздаған хабары бар кез-келген азамат мұны қазынаны талан-таражыға салу деп түсінер еді дейді.



Алайда, парламент мәжілісінің спикері Жармахан Тұяқбай «Начнем с понедельника» газетінде Гиффен мәселесін: «Бұл - Америка азаматына қатысты Америка сотының ісі»,- деп, президенттің тікелей эфирде айтқан сөзіне сілтеме жасайды. Оның айтуына қарағанда, «бұл іс бойынша нақты ешқандай да материалдар жоқ». «Сол себептен бұл процестің немен тәмамдалатыны белгісіз», - дейді спикер.



«Казахская правда» газеті де, Назарбаевқа қарсы бірде-бір дәлел жоқ деген пікірде. Оның айтуынша, «сатқындарды басқа жақтан іздеу керек». Солай дей отырып ол, жылма-жыл Қазақстанға Америка Құрама штаттарынан миллиондаған доллардың бөлініп жатқандығын тілге тиек етеді. Оның мәліметтеріне қарағанда, «биылғы жылы Орталық Азия елдеріне Ақ үй осы аймақтағы «демокартияны» нығайтуға 290 миллион доллар бөлген». «Оның ең алғашқы бөлігі ретінде 24 миллион доллар біздің республикамызға құйылды. Бұл біздің оппозиция талшық ететін ақша», - дейді мақала авторы.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG