Accessibility links

Биылғы жазда Түркияға дем алуға баратын қазақстандықтардың саны бұрынғыға қарағанда анағұрлым азаюы мүмкін.


Бұған чартерлік сапарлардың қысқаруы себеп болуда. Соның салдарынан туристік агенттіктер арқылы сапар шекпек болғандардың көбі ұшақ билеттерін кері қайтарған. Мысалы, Алматыдағы «Жаңа Нұр» туристік агенттігіне кейінгі екі күнде ғана 70 адам билеттерін қайтарып берген. Өйткені, «Эйр Астана» жабық акционерлік ұйымы екі туристік агенттікпен ғана халықаралық ұшақ билеттерін сату жөнінде келісім-шартқа отырған. Ал басқа турагенттіктер шет қалған.

Дегенмен, Қазақстанның табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі «Эйр Астананың» әлгі екі агенттікпен, атап айтқанда, «Гүлнар Тур» және «Әлия Стар» агенттіктерімен халықаралық рейстердің билеттерін сату жөніндегі келісімінің күшін жойған болатын. «Жаңа Нұр» туристік агенттігінің директоры Нұржамал Қайсенова «Эйр Астана» әлгі компаниялармен әріптестік байланысын үзбеген тәрізді. Азаматтық авиация комитеті мұны білсе де білмеген болып отырса керек» деген ойда. Ал «Эйр Астана» жабық акционерлік қоғамының коммерция жөніндегі вице-президентінің көмекшісі Қазыбек Рысбекұлы мұны жоққа шығарып отыр. Монополияға қарсы агенттіктің хаттамасына сәйкес, аталған екі туристік агенттіктермен арада келісімшарт бұзылғандығын айтады.

Қазақстанның азаматтық авиация жөніндегі агенттігінен Түркия бағытындағы жолаушы тасымалы неліктен түгелге жуық «Эйр Астанаға» беріліп отыр деген сұраққа жауап ала алмадық. Ал Эйр Астананың өкілі бұл әуе сапарларының халықаралық келісімге сай арнайы кесте бойынша жүзеге асырылып жатқанын айтады. Чартерлік рейстер жабылып, Қазақстан-Түркия бағытындағы әуе жолы Эйр Астанаға тигеннен бері ұшақ билеттері де қымбаттап кеткен. «Эйр Астана» жабық акционерлік агенттігінің коммерция жөніндегі вице-президентінің көмекшісі Қазыбек Рысбекұлы «бұл бірден жауап беретін мәселе емес, ал халықаралық дестрибьютерлік жүйе арқылы Түркияға билеттерді кез-келген туристік фирма еркін сатуына болады»,-дейді.

Ал Анталья, Бодрум, Даламан, Измир, Ыстамбұл бағытындағы әуе тасымалын жүзеге асыру құқығы тек «Эйр Астанаға» берілген болатын. Қазақстанның табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі Қазақстанның азаматтық авиация комитетінің бұл шешімінің дұрыс-бұрыстығын тексеруге кіріскен көрінеді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG